Қазақстанның соңғы жаңалықтары

Отандық экспортты қолдау: Мемлекет нақты не істеп жатыр?

Олжас АДАЙ
28 Шілде 2025, 15:46
3776
Бөлісу:
 коллаж BAQ.KZ
Фото: коллаж BAQ.KZ

Биыл шекара маңындағы сауда мен отандық өнімді экспорттауды жеделдетуге бағытталған 5 трансшекаралық хаб құрылып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Қазақстан сауда инфрақұрылымын қалай дамытып жатыр?

Сауда және интеграция министрлігінің дерегінше, бүгінде еліміз 5 маңызды шекаралық хабты дамыту жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар:

Қорғас торабы (ҚР–ҚХР) – Қытаймен шекарадағы негізгі сауда өзегіне айналады.

Каспий торабы (ҚР–Әзірбайжан, Түрікменстан, Ресей және Иран) – контейнерлік парктер мен логистикалық сервистерге жол ашады.

Еуразия трансшекаралық сауда орталығы (ҚР–Ресей) – қоймалау және шетелдік өндірістерді оқшаулау нүктесі ретінде қызмет етеді.

"Орталық Азия" Өнеркәсіптік кооперация орталығы (ҚР–Өзбекстан) – өңірлік өндіріс пен "Солтүстік–Оңтүстік" дәлізіне ықпал етпек.

Индустриялық сауда-логистикалық кешен (ҚР–Қырғызстан) – тауар жеткізудегі делдалдарды қысқартуға және өнім бағасын төмендетуге мүмкіндік береді.

Бұл хабтар шикізаттық емес экспортты 30%-ға арттырып, логистикалық рәсімдерді жеңілдетеді. Қазақстандық тауарлар үшін жаңа нарықтарға шығу мүмкіндігі де ұлғаяды, – делінген министрліктің редакциямызға берген жауабында.

Тұрақты сауда өкілдіктері қайда ашылды?

Министрлік қазақстандық өнімдерді шетелде ілгерілету мақсатында бірқатар елде сауда өкілдіктерін ашқанын жеткізді.

Түркия, Қытай, БАӘ, Үндістан мен Иранда сауда өкілдері тағайындалды. Сондай-ақ, Қытайдың Үрімші қаласында QazTrade-тың тұрақты өкілдігі жұмыс істейді, – деп көрсетті ведомство.

Сонымен қатар, Қытайдың Нанкин қаласында да инфрақұрылымдық жобалар қолға алынған.

Сауда-логистика: Каспий аймағы неге маңызды?

Қазіргі таңда Қазақстан жүктерді Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) арқылы Еуропаға жеткізуді күшейтіп жатыр. Бұл – Қытайдан Каспий теңізі арқылы Әзербайжан мен Грузияға, одан әрі Еуропаға шығатын бағыт.

Ресей аумағындағы шектеулерді ескере отырып, ТХКБ бағыты стратегиялық маңызға ие. Ақтау және Құрық порттары негізінде логистикалық хабты дамытамыз, – делінген министрлік жауабында.

Отандық үлесті арттыру: Қай елдермен келіссөз жүргізілуде?

Ведомство қазіргі таңда Африка, Оңтүстік Америка және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен келіссөздер жүріп жатқанын атап өтті.

2025 жылы сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту үшін негізгі өңірлермен келіссөздер жүргізіліп жатыр, – деді министрлік.

Қытай, Иран және Катар бағыты бойынша не істеліп жатыр?

Қытаймен сауда "Достық–Алашанькоу", "Алтынкөл–Қорғас" секілді шекаралық өткелдер арқылы жүргізіледі.

Иранға жүктер "Құрық" және "Ақтау" порттары арқылы тасымалданады. Катарға жеткізу екі бағытпен іске асырылады – Иран арқылы немесе Түрікменстан арқылы Бандер-Аббас портына дейін.

Өзгелердің жаңалығы