Отандық дизайнерлер ALTYN OIMAQ ұлттық байқауында бас қосады

19 Сәуір 2019, 19:12
3575
Бөлісу:
Отандық дизайнерлер ALTYN OIMAQ  ұлттық байқауында бас қосады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Наурыз айында басталған отандық дизайнерлер арасындағы «ALTYN OIMAQ» байқауына еліміздің әр өңірінен дизайнерлер өтінім беріп жатыр. Олардың көпшілігі өз аймағына белгілі болса, енді бірі осы салаға алғаш қадам басқандар. Осы орайда «ALTYN OIMAQ» ұлттық дизайнерлер байқауы» жобасының жетекшісі Диана Ботаева өңірлерді аралап, белсенді дизайнерлермен кездесті. 

«Байқау осы сала мамандарының басын біріктіріп жатыр. Біз Қарағанды, Ақтөбе, Көкшетау, Ақтау, Павлодар, Атырау, Алматы, Қостанай, Петропавл, Нұр-Сұлтандағы дизайнерлермен бірнеше кездесу өткіздік. Әр қалада тамаша, талантты, идеясы мол кәсіпкерлер жетерлік, бірақ олардың бәрінде ортақ мәселелер - отандық фурнитура шығаратын өндірушілердің жоқтығы, болса да таңдаудың аздығы, сауда алаңдарын жалға алудың қымбат болуы, тігіншілер, конструкторлар секілді кадрлар тапшылығы. Қазір біз барлық мәселе мен сұрақтарды жинап жатырмыз. «Атамекен» ҰКП кәсіпорындардың шағын бизнестен орта бизнес санатына ауысуына қызығушылық танытып отыр. Осы мәселелерді шешу жолдарын тамыз айының соңында өтетін жеңіл өнеркәсіп форумында талқылайтын боламыз», - дейді Диана Ботаева. 

«Ailin collection» брендінің басшысы Гүлзат Мұхамедина Қазақстанда жақсы маталар өндірілмейтінін және мұның өнімнің соңғы бағасына әсер ететінін айтты. 

«Маталардың өзіндік құны қымбат. Мен олардан үнемдей алмаймын. Он арзан зат алғанша, бір сапалы затты алған дұрыс деп санаймын. Өзім тіккен кезде тауардың бағасын арзандату үшін жұмысымның бағасын төмендетемін. Ал жұмысшы тігетін болса, бұлай жасауға болмайды. Соңында өнім бағасы арзан болмай шығады, - дейді қарағандылық дизайнер.

Ол қашан да сұранысқа ие балалар киімдері топтамасын шығаруды қалайды. Қазір жеке ательесін ашуды жоспарлап жүрген сұранысқа ие бола алам ба деп алаңдайды. 

«Кеңсе таптық. Әзірге бір жұмысшым бар. Штатты кеңейтсем деймін. Бірақ сұраныс үшін алаңдаймын. Ол үшін жарнамамен жұмыс жасау керек. «ALTYN OIMAQ» байқауы өзімді танытуға мүмкіндік береді деп үміттенемін», - деп бөлісті ол. 

Отандық тауар өндірушілер кездесетін проблемалардың бірі – кеңсені жалға алудың қымбатқа түсуі. 

«Дүкендерді жалға алу құнының қымбаттығы өнімді өткізуді қиындатады. Өнімдеріміздің 90%-ы қолдан жасалған. Дамыған елдерде мұндай кәсіпорындар мемлекет тарапынан қаржылай қолдау көреді, себебі бұл – орасан зор еңбек», - дейді павлодарлық «Райса сән театры» ЖШС директоры Райса Раимбекова. 

Дизайнер Фарида Бадретдинова сән театрында Райса Раимбековамен бірге жұмыс істейді. 

«Мен кездескен мәселелердің бірі – маталар мен фурнитуралар түрлерінің аздығы. Мысалы, дүкендерде түржинақ шектеулі болғаннан түрлі үлгілерді жасағанымда не матаны, не сай келетін түсті таңдай алмаймын,» - деп дизайнер мәселесімен бөлісті.

Түржинақтардың мардымсыз болуына жаңаөзендік дизайнер Анар Оспанова да тап болып отыр. Ол шағын қалада тұратындықтан жаңа бұйымдар алуға Алматы қаласына жиі барып тұрады. 

«Көбінесе той көйлектерін, кимешек, сәукеле тігеміз. Олар әрдайым жақсы сападағы тастармен безендірілуі тиіс. Әшекейлерді таңдауға келгенде маржан, моншақ, оқасы жоқ күмісті пайдаланамын. Дайын бұйымдарды жиі сатып алуға тура келеді. Сосын оларды сөгіп олардан өз нақышымызды жасаймыз. Бұл өнімнің бағасын қымбаттатады», - деді Анар Оспанова.

Жеңіл өнеркәсіп саласындағы мәселелер ел өңірлеріндегі кәсіпкерлерге ортақ өзекті. Соның бірі – кадрлар тапшылығы. 

«Тігінші, конструктор, модельер секілді жақсы кәсіби білікті кадрлар ауадай қажет. Студенттер қажетсіз сабақтарды оқиды, сол себепті олардың дайындығы әлсіз. Олардың арасынан ең үздіктерін ғана іріктеп алуға тура келеді. Содан кейін ғана тәжірибе жинап барып, балалар өз істерін бастай алады», - дейді белгілі қостанайлық сән салонының директоры Малика Төлемісова. 

«Атамекен» ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі, павлодарлық Виктория Сұлтанова да байқауға қатысуға ниет білдіріп отыр. Ол «ALTYN OIMAQ» байқауы ешқандай қиындыққа қарамастан, өз ісін сүйетін, арманына, мақсатына келе жатқан жандарды бір-бірімен таныстырып, мүмкіндігінше бастарын қосу үшін қажет деп санайды. 

«Қазір Павлодарда бірнеше қолөнершінің басын қосып, оқытып жатырмын. Өнімдерін дамытуға көмектесемін. Тігіншілікпен айналысқысы келетіндер өте көп, ал қолөнершілікке ниеттілер аз, өйткені бұл – қымбат. Қолданылатын материалдар, шикізаттардың бағасы қымбат», - дейді павлодарлық дизайнер. 

Жоба жетекшісі Диана Ботаева отандық дизайнерлерді жаңа деңгейге көтеру үшін жеңіл өнеркәсіп өнімдерін шығару мен нарықта ілгерілетуге ғана емес, сондай-ақ іскерлік байланыстар орнатуға, модельер-инструктор секілді тар бейінді мамандарды оқытуға арналған жаңа алаңдар құрылуы тиіс деп санайды.

«Алматы мен Нұр-Сұлтанда жыл сайын жаңа жұлдыздарды жағатын, дизайнерлерге өзін көрсетуге мүмкіндік беретін іс-шаралар өтеді. Бірақ өңірлерде мысалы, жас дизайнерлер үшін кез келген уақытта беріле бермейтін мүмкіндік. Жаңадан бастағандардың, әсіресе тума таланттардың алғашқы каптиалсыз жасаған коллекцияларын жиі сынға алады. Шынына келсек, дизайнерлеріміз – өзі продюсер, ұйымдастырушы, әкімші, креативті директор және т.б. Бәрін өздері жасайды. Олар іс-шарасын өткізетін орынды жалға алады, модельдердің, бет әрлеушілердің, фотографтардың қызметіне ақы төлейді. Сол себепті өңірлерде тиімді бірігу қажет. Егер сен өзге дизайнерлермен бірге одақта, қауымдастықта болсаң, өзіңді ғана емес, брендіңді жарнамалап, әріптестеріңмен бірге шығындарды да бөле аласың. Әр жаңа көрсетілім, жаңа жоба – құнды тәжірибе. «Атамекен» ҰКП жанындағы аймақтық бірлестіктердің жақсы мысалы ретінде, құрамына 23 адам кіретін «Маңғыстау облыстық дизайнерлер одағы» қауымдастығын айтуға болады. Олар белсенді дамып, көрсетілім, жәрмеңке жасап, көшпелі шаралар ұйымдастырады», - дейді отандық дизайнерлер арасындағы «ALTYN OIMAQ» байқауының жетекшісі.

Дизайнерлермен мұндай кездесулер еліміздің басқа да өңірлерінде де жалғасын тауып жатыр. Айтылған мәселелер мен қойылған сұрақтардың барлығы тамыз айының соңында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін жеңіл өнеркәсіп форумында талқыланатын болады. 

Айта кетейік, «ALTYN OIMAQ» байқауына қатысу үшін  altynoimaq.fundwomen.kz сайтына өтінім жіберу керек. Ұлттық байқаудың алты лауреатының әрбірі 1 млн теңге көлемінде ақшалай сыйақы алады. Үміткер алты номинацияның біреуіне не екеуіне өтінім беру арқылы байқауға қатыса алады.

Номинациялар:

1) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген іскерлік киімнің үздік дизайны»;
2) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген спорт киімнің үздік дизайны»;
3) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген балалар киімінің үздік дизайны»;
4) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген үйге арналған текстильдің үздік дизайны»;
5) «Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық әшекейлердің үздік дизайны»;
6) «Спорт аяқ киімінің үздік кастом-дизайны». 

Финалистердің алғашқы алтылығы Нұр-Сұлтан қаласында өтетін республикалық жеңіл өнеркәсіп форумында анықталады. Дизайнерлер форум кезінде өтетін жәрмеңкеде өз тауарларын қойып, қазақстандық киім дизайнерлері шоу-көрсетілімін ұйымдастырып, іскерлік байланыстар орната алады. «Атамекен» ҰКП жеңіл өнеркәсіп форумына қатысушыларға қызықты бағдарлама дайындап отыр. «Көрме» орталығында шағын ательесі бар дизайнерлер үлкен жеңіл өнеркәсіп фабрикасының басшыларымен кездеседі. В2В кездесу, танысу және іскерлік байланыс орнату ұйымдастырушылардың алдарына қойып отырған бірден-бір міндеті. Ескере кететін жайт, форум жұмысына және «ALTYN OIMAQ» байқауына ірі компаниялардағы кәсіби мамандар ғана емес, арнайы білімі бар әуесқойлар да қатыса алады.

Өзгелердің жаңалығы