Отандық бензиннің Ресейге шығуын шектеу қажет – ҰҚК

17 Қыркүйек 2019, 13:51
2895
Бөлісу:
Отандық бензиннің Ресейге шығуын шектеу қажет – ҰҚК

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары - шекара қызметінің директоры, генерал Дархан Ділманов жанар-жағармай мәселесін көтерді.

"Біз тағы бір проблемамен кездесіп отырмыз. Бүгінгі күні Қазақстанда жанар-жағармай бағасы Ресей Федерациясына қарағанда екі есе есе арзан. Сол себептен жанармай Ресейге көп тасымалдануда. Біз енді жанар-жағармайдың шығарылуына кедергі жасаймыз. Әрине, заңды тасымалға кедергі келтірмейміз. Ал заңсыз болса, шаралар қабылдауға міндеттіміз. Әйтпесе, бізде де бұл тауар түрінің бағасы өсіп кетеді", - деді Дархан Ділманов отырыста.

Ол кулуарда берген сұхбатында көрші елге жанар-жағармай тасымалын шектеу қажет екенін айтты.

"Бізде жанармай жетіспеушілігі проблемасы жоқ. Әрине, тауар өтуі тиіс, бірақ қажетті көлемі бізде қалуы керек. Бұл ішкі нарығымызды қамтамасыз ету үшін қажет. Қазір біз тасымалдаушыларды ұстап жатқан жоқпыз. Оларды өткізудеміз. Біз тек жанармайдың көп сатылып жатқанын көріп отырмыз. Білуімізше, жақында сәйкес қаулы шығады. Бұл қаулы бізге жанар-жағармайдың сыртқа шығуын шектеуге мүмкіндік береді. Сол құжатқа үміттеніп отырмыз. Осылайша, біз әсіресе солярка, бензиннің тасымалын шектегіміз келеді", - деді Дархан Ділманов сұхбатында.

Бұған дейін Ділманов Қазақстан-Ресей шекарасындағы кептеліс себебін айтқан болатын. 

Атап өтсек, бүгін Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында "2016 жылғы 3 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы ҚР және РФ-ның шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" ҚР Заң жобасы қаралды.


Өзгелердің жаңалығы