Отан қорғаушының жасампаз келбеті

Отан қорғаушының жасампаз келбеті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Отан қорғаушылар күні қазақстандықтар үшін айтулы мереке саналатын 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс күні қарсаңында атап өтілуінде терең мағына жатыр. 

Бұл күндер әскери дәстүр-сабақтастығымен, ата-бабаларымыздың ерлігі және батырлығымен, мемлекеттің бейбітшілігі мен тәуелсіздігін сақтауға ұмтылысымен тығыз байланысты.

Тарих үшін отыз жыл көп уақыт емес, алайда сол кездегі жағдайлар мен жүзеге асырылған жұмыстар шын мәнінде тәуелсіз Қазақстан әскерінің негізін қалауда елеулі кезең болғаны анық. 

Тұңғыш Қорғаныс министрі, Ұлы Отан соғысына қатысушы, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы, Армия генералы Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов ел үшін күрделі кезеңде Қарулы күштерге басшылық етті. Оның жоғары беделі әскери әлеуетті сақтап қалуға және жеке құрам арасында әскери тәртіпті нығайтуға ықпал етті. 

Отан қорғаушының жасампаз келбеті

Сағадат Қожахметұлы заманауи Қарулы күштердің негізін қалады. Қиын кезеңде әскери басқару және оқу орындары ашылып, кадрлар даярланды. Жедел-стратегиялық тапсырмаларды ескере отырып, мемлекеттің жаңа әскери географиясы құрылды. 

Қазақ әскерінің қалыптасуы мен дамуына тәжірибелі генералдар мен офицерлердің еңбегі ерен болды. Атап айтқанда, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев, Кеңес Одағының Батыры, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров, Халық Қаһарманы Бақытжан Ертаев, Сейілбек Алтынбеков, Алий Волков, Анатолий Васимов, Әлихан Жарболов, Ким Серікбаев, Алмазбек Әбдірахманов, Қадыржан Байжігітов, Федор Щербаков, Мүбәрек Орынбеков, Сәбит Тауланов, Айтқали Исенғұлов, Ратмир Комратов, Владмир Бондаренко, Мэлс Шәмпиев және тағы басқалары. 

Өңірлік қолбасшылықтарды қалыптастыру арқылы, бірте-бірте әскери-аумақтық құрылымға көшу, атаған бағыттағы алғашқы қадам болды. Құрлық әскерлерінде бригадалық жүйеге көшумен тұрақты дайындықтың жалпы әскери компонентін күшейтуді ұйымдастыру шараларының кешені өткізілді. Десанттық-шабуылдау әскерлері құрылды. Әскери-әуе күштері мен Әуе шабуылына қарсы қорғанысы – Әуе қорғанысы күштеріне біріктірілді. Әскери-теңіз күштерінің негізі қаланды.

Ел басшылығының, генералдар мен офицерлердің қажырлы еңбегінің арқасында түбегейлі жаңа, мықты жарақтандырылған әскер құрылды. Бүгінгі күні оның құрамында Қазақстанда жасалған заманауи жойғыш ұшақтар, тікұшақтар, ұшқышсыз басқарылатын аппараттар, танктер, брондалған машиналар, зымыран жүйелері, артиллериялық қару-жарақ пен Әскери-теңіз күштерінің қазіргі заманғы корабльдері бар. Халықаралық стандарттарға сәйкес жаңа технологияларды енгізуге көп көңіл бөлінуде. 

Отан қорғаушының жасампаз келбеті

Қазіргі заманның шынайы қажеттіліктерін ескере отырып, әскери білімді дамыту мақсатында әскери білім беру мекемелерінің құрылымы айқындалды. Олардың құрамына әскери даярлыққа баса мән беретін орта білім беру мекемелері мен «Жас Ұлан» әскери колледж кіреді. Әскери институттар мен Ұлттық қорғаныс университетінің оқу жүйесіне білім берудің замануи технологиялары енгізіліп, оқу-зертханалық базасы жетілдірілуде. Сонымен қатар, алдыңғы қатарлы шет елдік оқу мекемелерімен білім алмасу жүргізілуде. 

Ұлттық және өңірлік қауіпсіздікті нығайту мүддесінде басқа мемлекеттермен әскери және әскери-техникалық ынтымақтастық аясы кеңеюде. БҰҰ-ның бітімгершілік жөніндегі симпозиум шеңберінде бітімгершілік миссияларға қатысу үшін әскери медицина, инженерлік-саперлік бөлімшелер, әскери полиция және барлау бөлімшелері сияқты мамандандырылған бөлімшелерді даярлау мәселесі бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Қазіргі уақытта тиісті бөлімшелер даярланған, сондай-ақ  жұмылдырылған барлық әскери қызметшілер шет тілдерін біледі. Сол себепті, БҰҰ-ның Ливандағы, басқа да мемлекеттердегі біздің даярлық деңгейіміз бен нәтижелерімізді көре отырып, бірінші кезекте африкалық елдерде, Кипр және Оңтүстік-Шығыс Азияда бітімгерлік тапсырмаларды орындау мүмкіндіктерін қарастыруда. 

Біздің әскери контингенттің бітімгерлік миссияларға сәтті қатысуы Қазақстанды өңірлік басшы, жалпы әлемдік және әлеуметтік құндылықтарды қорғауды қолдайтын сенімді серіктес ретіндегі ұстанымын нығайтуда. Бұл өз кезегінде қазақстандық әскери қызметшілердің білімі мен дағдысын нығайтуға, күрделі әскери-саяси жағдайдағы тапсырмаларды орындау кезінде тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. 

Ел Президенті – Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев армияға ерекша назар аударып отыр. Өткен жылы ол ұлттық қауіпсіздіктің жаңа стратегиясы мен Қарулы күштерді дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті. Қабылданған құжаттарға сәйкес басым бағыттар қатарында әуе шабуылына қарсы қорғанысты, әскери-көлік авиациясын, арнайы операциялар күштерін, радиоэлектрондық барлау және күрес құралдарын, ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды және «қос мақсаттағы» құрамды дамыту да бар.

Отан қорғаушының жасампаз келбеті

Жылдан жылға офицерлер, сержанттар мен сарбаздардың кәсіби шеберліктері шыңдалуда. Далалық сабақтар мен оқу-жаттығуларда, халықаралық армия ойындары мен басқа да жарыстарда біздің әскери қызметшілер заманауи жауынгерлік техника мен қару-жарақтарды басқаруда машығын жетілдіріп, жинақылығымен мен  жауынгерілік рухымен барлығына үлгі бола білді. 

2022 жылдағы қаңтар оқиғасы жауынгерлік даярлықты арттырып қана қоймай, сонымен қатар әскери қызметшілердің моральдық рухын шыңдаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетті. Сол себепті, Қорғаныс министрлігі қазақстандықтардың әскери-патриоттық тәрбие мәселесін ерекше назарға алып отыр. Елімізде азаматтық ортада әскери-патриоттық жұмыстың тиімділігін арттыру үшін жақсы алғышарттар жасалған. Адамдардың таным-сенімі, ой өрісі өзгеруде. Бұқаралық ақпарат құралдарының Қарулы күштерге деген қызығушылығы артты.

Бұл мәселеге Парламент депутаттары ерекше көңіл бөліп отыр. Өткен жылдың қазан айында Сенаттың Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің басшылығымен ҚР Қарулы күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында әскери-патриоттық жұмыстың негізгі аспектілерін талқылаған көшпелі отырыс өтті. Қараша айының соңында «Егемен елдің ертеңі – Жас сарбаз» атты жас патриоттардың бірінші форумы өтті. Оған Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Айгүл Құспан қатысты.

Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру мақсатында «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағдарламасы және «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы» Үкімет қаулысының жобасы әзірленіп, жүзеге асырылуда.

Отан қорғаушының жасампаз келбеті

Тәрбие және идеологиялық жұмыстар органдарының дамуы да назардан тыс қалмады. Мемлекеттік-құқықтық даярлық жүйесінде жеке құраммен елде жүргізіліп жатқан саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларға байланысты мәселелерді жеткізу және түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Тәрбие жұмысы сағаттарында диспуттар, дөңгелек үстелдер, сұрақ-жауаптар, танымал адамдармен кездесулер, көркем және деректі фильмдерді көру және талқылау өткізіледі. «Ашық есік күні», «Әскерге шақырылушы күні», «Жас сарбаздар күні», «Қазақстан әскеріндегі бір күн», «Естелік», «Ардагерлерге құрмет – ерлікке тағзым» әскери-патриоттық акциялары, «Армия балалар көзімен», «Соғыссыз әлем», «Менің гарнизоным», «Үздік қалашық» және басқа да конкурстар, викториналар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. 

Мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің ата-аналарымен байланыс орнатылған. Олар білім алған мектептер мен колледжбен және бұрынғы жұмыс орнының басшылығымен хат алмасып тұрады. Тұрақты түрде психологиялық тренингтер, әңгімелесулер, отырыстар мен жеке тәрбие жұмыстары өткізіліп тұрады. 

Отан қорғаушының жасампаз келбеті

Алғаш рет кешенді ақпараттық-түсіндіру тобы құрылды. Ол гарнизондарға барып, әскери қызметшілерге бағдарламалық құжаттардың мазмұнын жеткізеді, сондай-ақ жеке құрамды жүргізіліп жатқан мемлекеттік саясат туралы хабардар етеді. Тәрбие жұмысында түрлі нысандар мен әдістер қолданылады, сонымен бірге командалық құрам жеке құрамды тәрбиелеудің жаңа әдістеріне оқытады.

Соңғы екі жылда кешенді ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздің барлық өңірлерінде болды. Жалпы алғанда, бұл жұмыспен әскерге шақыру жасына дейінгі 120 мыңнан астам жас, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері қамтылды.

Әсіресе шалғай жатқан гарнизондардағы әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің моральдық-психологиялық жағдайын зерделеу жұмыстары ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі ережелерін жеке құрамға жеткізу, әскери қызметшілерді ақшалай үлеспен және тұрғын үй төлемдерімен қамтамасыз ету бойынша қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмысы жеке құрамның моральдық-психологиялық жай-күйін арттыруға, әскери тәртіп пен құқықтық тәртіпті нығайтуға, Қарулы күштердің оң имиджін дамытуға және қоғамда әскери қызметті насихаттауға, жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру жүйесін жандандыруға ықпал етеді.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында идеологиялық жұмыс жоспары әзірленді. Ол мемлекеттік органдар басшыларының бірлескен бұйрығымен бекітілді. Жоспарда идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыруға, әскери қызметшілердің сапалық сипаттамаларын жақсартуға, патриоттық сананы және басқа да адами және кәсіби қасиеттерді дамытуға бағытталған іс-шаралар көзделген.

Құрлық әскерлерінің әскери институтында тәрбие құрылымдарының офицерлерін даярлау ұйымдастырылды. Бұл тәрбие құрылымдары офицерлерінің кәсіби деңгейін едәуір арттыруға және батальондар (дивизиондар) командирлерінің орынбасарлары лауазымдарының 50%-ын және рота командирлерінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарлары лауазымдарының 90%-ын кадрлық офицерлерімен жасақтауға мүмкіндік берді.

Ұлттық қорғаныс университетінде және Құрлық әскерлерінің әскери институтында офицерлердің курстық даярлығы ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік-құқықтық дайындық пен ақпараттандыруды ұйымдастыру сапасын арттыру мақсатында білім берудің дәстүрлі түрімен қатар аудио және бейнедәрістер практикаға жаңа формат түрінде енгізілді. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің ресми сайтында дәрістер мен бейне материалдарды алу үшін QR-код енгізілді.

Отан қорғаушының жасампаз келбеті

Одан өзге, тәрбие беру жұмыстарына дәстүрлі тәсілдермен қатар, тәжірибе жүзінде жаңа формат енгізудеміз. Оның қатарында – модульдер мен кейстер де бар. 

Қазіргі уақытта әскерлерге жауынгерлер өмірінің барлық аспектілерін қамтитын тәрбиелік сипаттағы 50-ге жуық оқу модулі жіберілді. Модульдердің негізгі мәні мен мақсаты – білім беру, ой-өрісті кеңейту, интеллектуалды деңгейді дамыту және патриотизмге тәрбиелеу.

Сондай-ақ, суреттелген іс-әрекеттер түрінде ахуалдық кейстердің жинағы немесе дәлірек айтқанда, армияның нақты өмірінен болған оқиғалар сипатталады. Бұл кейстер қол жетімді және онда шығармашылық түрде жағымсыз салдарға әкелетін кейбір жағдайлар да көрсетіледі. Оларды талдауда әскери қызметшілерге осындай сәттердің алдын-алу бойынша нақты ұсыныстар беріледі.

Модульдер мен кейстерді жасау кезінде жаңа жұмыс әдістері қолданылғанын айта кету керек. Ақпарат брошюра түрінде ұсынылған және ыңғайлы түрде ұсынылған. Бұл форматты электронды ақпарат құралдарында қолдануға болады. Өз кезегінде ол мәселелерді қызметтен тыс уақытта зерделеуге мүмкіндік береді.

Әскери коучинг технологиясы да назар аударуға тұрарлық. Қазіргі уақытта ол әскери оқу орындары мен әскери бөлімдерді оқу-тәрбие үрдісіне енгізу мақсатында сыналуда.

Әскери коучинг ішкі әлеуетті ашуға, олардың мінез-құлқын қалыптастыруда және жігерлендіруде оң өзгерістерге қол жеткізу арқылы әскери қызметшілердің кәсіби құзыретін кеңейтуге мүмкіндік беретін заманауи және тиімді жеке даму құралы болып табылады.

Отан қорғаушының жасампаз келбеті

Биылғы сәуір айында Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының базасында Қорғаныс министрі генерал-лейтенант Руслан Жақсылықовтың басшылығымен қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы мәдениет пен өнердің рөлін талқылау жөнінде конференция өтті.

Қорғаныс министрлігінің әскерлердегі мәдени-демалыс жұмыстарын күшейту және жастарды тәрбиелеу нысандарын жетілдіру жөніндегі ұсыныстарын конференцияға қатысушылар бір ауыздан қолдады. Оның ішінде Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры Айман Мұсақожаева, ғылым мен мәдениеттің басқа да көрнекті қайраткерлері бар.

Қорғаныс министрлігі депутаттармен бірлесе отырып, қызметтің осы маңызды бағытын заң жүзінде бекіту жұмыстарын жүргізіп жатқанын айта кеткен жөн. Жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу бағытындағы «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» бағдарламасы қабылданды. Қазақстан Республикасының Қарулы күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында 2025 жылға дейін идеологиялық жұмыс жоспары істейді.

Қазір заң шығарушы органдардың қоржынында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бар. «Азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеу қағидаларын бекіту туралы» ҚР Үкіметі қаулысының жобасы әзірленіп, мүдделі мемлекеттік органдармен келісуден өтеді. 

Бүгінгідей күрделі жағдайда Отан қорғаушының батыл, ержүрек және сенімді келбетін көрсететін жасампаз бейнені ілгерілету бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Бұл идея халықтың өткенге құрметі мен рухани бай мұрасына, даңқты жауынгерлік дәстүрлері мен ұрпақтар сабақтастығына негізделген.

Бас штаб бастығының орынбасары – 

Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаментінің бастығы

Генерал-майор Серік БОРАМБАЕВ.

Бөлісу: