Отан алдындағы борыш. Әскери қызметтегі арландар

18 Қараша 2022, 15:12
2752
Бөлісу:
Отан алдындағы борыш. Әскери қызметтегі арландар
PHOTO

Әскери қызмет – кез келген ер жігіттің өмір мектебінен өтетін бір кезең. Отанды, елді қорғау жолында бір жыл атқаратын әскери қызмет - әрбір азаматтың қасиетті борышы. Осыдан бір жыл бұрын Шымкент қаласындағы 6506 әскери бөлімінің қатарына қосылған сарбаздар әскери міндетін аяқтағалы тұр. Міне, бір жыл сырғып өтіп, өрендер үйлеріне оралады. Еліміздің әр өңірінен жиналған жастарды әскери қызмет бір ортаға біріктірді. Сонымен, жауынгерлер осы уақыт аралығында нені үйреніпті? Ойларын ортаға салып көрелік, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

 Мен әскер қатарына Алматы облысынан шақырылдым. 9-сыныпты аяқтаған соң, автомобильге техникалық қызмет көрсету бойынша арнайы орта білім алдым. Дипломымды алған соң, қызметке орналасам деп жүргенде әскерге шақырту қағазы келді. Қорғаныс істері жөніндегі арнайы бөлімге келіп, барлық тексерістерден өттім. 1-2 күнде Шымкент қаласындағы Ұлттық ұлан қатарына мерзімдік қызметке баратынымды айтты. Бірден тез осылай шешіліп кетеді деп ойламадым. Әскерге өзімнен үлкен ағаларым, достарым барып келген. Олардың әңгімелерінен әскер жайында азды-көпті естігенім болатын. Басында қорқыныш та, қобалжу да болды, оны жасырмаймын. Алайда әскерге келген соң бәрі орнына түсті. Оқу пунктінен бастап, командирлер, сержанттар бізбен етене жұмыс жасады. Содан болар әскери өмірге бейімделу қиынға соқпады. Әрине, жақындарыңнан жырақтағанда сағыныш сезімі болады. Дегенмен, күн өте келе үйрендік. Біздің бос уақытымыз болмады. Күн тәртібі – Әскери Жарғылармен бекітілген. Осылайша, міне, бір жыл өте шықты, - деді қатардағы жауынгер Медеу Өмірғали.

Отан алдындағы борыш. Әскери қызметтегі арландар

Оның айтуынша, осындағы әскери қызмет оны төзімділікке үйретіп, бар-жоқтың қадірін түсіндірген.

Ең бастысы, Отанға, елге, жерге деген шынайы сезімді жан-тәніммен түсіндім. Салауатты өмір салтын ұстанып, спортқа деген қызығушылығым артты. Алдағы мақсатым дене дайындығы және спорт мамандығы бойынша жоғары білім алып, қызметке орналасу, орайы түсіп жатса, әскери қызметімді жалғастыруым да мүмкін. Мен бір жылдық әскери қызметімде жақын ағамдай қамқор болған бөлімше командирі кіші сержант Абзал Аманқұлов, рота командирінің орынбасары аға лейтенант Ораз Орынбасаров және 6506 әскери бөлімінің барлық ұжымына үлкен алғысымды айтқым келеді. Әскердегі күндерімді ұмытпаймын, - дейд ол. 

Қатардағы жауынгер Ерболат Шайділда 6506 әскери бөлімінің автомобильдегі жедел мақсаттағы батальонында сарбаз-атқыш болып қызмет атқарған.

Өзім Тараз қаласынан Ұлттық ұлан қатарына алындым. Біздің отбасымызда атам, әкем, ағам әртүрлі күштік құрылымдарда офицер болып қызмет атқарады. Атам – аудандық ішкі істер басқармасының бастығы болса, әкем әскери полиция офицері, ал ағам Шекара қызметінде жұмыс істейді. Сол үшін әскери қызмет таңсық емес. Бала кезден әскери форма, әскери тәртіппен өстік десем де болады. Ер жігіт әскерге баруы қажет, Отан қорғау оның парызы деп атам құлағымызға құйып отыратын. Сондықтан болар 11 сыныпты аяқтаған соң әскерге баруға асықтым. Атамның, әкемнің әскери қатал тәрбиесі ме, білмеймін, әскери қызметке тез үйреніп кеттім, үлгілі болуға, жақсы қызмет атқаруға тырыстым. Ең басты жауынгерлік қызметіміз – күнделікті Шымкент қаласындағы қоғамдық тыныштықты күзету және сонымен қатар әскери қалашықта ішкі қарауылдық қызметті де атқардым. Әне-міне дегенше 1 жылдық қызметім аяқталғалы жатыр. Өкініштісі, мен әскерде болған кезде әкем өмірден озды, менің жауынгер болып оралғанымды көре алмады, амал қанша... Үйде атамның әскери формасы ілулі тұратын, кеудесі әртүрлі төс белгілерге толып тұр, шет жағында бір орын бос болатын, атам осы орынға сенің адал еңбегіңмен тапқан марапат белгіңді тағамын деуші еді, ол күн де алыс емес, - дейді ол. 

Ұлттық ұландағы әскери қызметте жүргенде ол үшін ең үлкен жетістік адал дос табу болған.

Бәріміз бір ортада барлық қиындықты бірге еңсеріп, бірге қызмет атқардық, шын достың қадірін түсіндім. Енді әкемнің аманатын орындауға жолдама – әскери билет аламын, ары қарай әскери қызметті жалғастырамын. Мені әскери қызметтің барлық түріне баулып, үнемі қолдау көрсеткен автомобильдегі жедел мақсаттағы батальонның офицерлері мен сержанттар құрамына алғысымды шын жүректен жеткізгім келеді. Қызметтерінің жемісі мен жеңісін көре берсін, мені нағыз жауынгер еткен Ұлттық ұланға үлкен рақмет, - деді Шайділда.

Ал ефрейтор Дастан Әбдіқадыр Ұлттық ұлан қатарына Талдықорған қаласынан шақырылған. 

Отан алдындағы борыш. Әскери қызметтегі арландар

1 жыл көлемінде жауынгерлік қамтамасыз ету ротасында қозғалысты реттеу және коменданттық қызмет лауазымында қызмет атқардым. Өткен жылдың 4 желтоқсан күні әскер қатарына жолдама алып, Шымкент бағыты бойынша бір топ баламен бірге жол тарттық. Шымкентке жеткенше арадан 3 күн өтті. Әлі есімде, қатты уайымдадым. 1 жыл қалай болар екен, әскери қызметті игеріп кете алам ба? Осы және басқа да ойлар мені мазалаған болатын. Әскер дегенде менің көз алдыма өте қатал, түсі суық, тек қана тәртіп пен бұйрық беретін офицерлер елестейтін. 6506 әскери бөліміне келіп түскен соң ойым түбегейлі өзгерді. Жүзі жылы командирлер, қасымда өзімдей қарапайым ауыл жігіттері, қуанып кеттім. Осылайша, әскер қатарына қосылып кеттім. Біздің қызметіміз «Қаратау» таулы аймақтағы оқу орталығына кезекшілікке түсу болды. Бір жылдың ішінде таулы аймақта 10-нан аса жауынгерлік қызмет атқардым. Онда арнайы жасақтың офицерлері мен мамандары күнделікті тәжірибе жүзінде кәсібиліктерін шыңдайды. Әртүрлі мемлекеттерден әскери делегациялар келеді. Ол жерде жүріп, көптеген қару-жарақ түрлерімен таныстық. Әскерде мен өзімнің дене дайындығымды жоғарылаттым. Мұнда күнделікті ерте тұрып, спортпен айналысып, режиммен тамақ ішіп денсаулығымды түзедім. Көпшілікпен араласып, мінезім ашылды. Бір үйдің баласындай бірге жүрген қарулас достарымды сағынатын боламын. Олармен бірге әскерде талай қызықты күндерім өтті. Мен әскери қызметімді еш ұмытпаймын, Ұлттық ұлан жауынгерлері жасасын, - дейді ол.

Жауынгер Тахмидин Даутов Алматы облысы Талғар ауданынан әскерге келген.

БТР-дағы жедел мақсаттағы батальонында БТР–дің  маман жүргізушісі болып қызмет атқардым. Әскерді қатал орта деп елестеткен едім, алайда ондай емес.  Бәрі мен ойлағаннан жеңіл боп шықты. Кіші командирлерден бастап бөлім командиріне дейін сарбаздарға мейіріммен қарайды. Соның арқасында қызметімді ойдағыдай атқарып шықтым. Өзім техникаға жақын болғандықтан бронды техниканың маманы болу маған одан да қызық көрінді. Оқу пункті аяқталысымен бронды техниканың дәлдеуші маманы болып Қаракемер кентінде оқып келдім. Маған қосымша білім болды. Жауынгерлік қызметте де бронды техникамен жұмыс істедім. Бір жылдық қызметім көзді-ашып-жұмғанша аяқталып жатыр. Әскер өзіңнің қаншалықты күштілігіңді, төзімділігіңді сынап көретін орта. Бір жылда бойыма өте көп пайдалы нәрсе яғни  білімнен бастап, тәлім-тәрбие, сыйластық, әскери достық тағы басқа да сіңірдім. Оқу пунктіне келгеннен қасымда бірге болған жақын дос таптым, ол да бронды техниканың механик-жүргізушісі, Қарағанды қаласынан шақырылған қатардағы Алишер Айтмуханбетов. Біз өте жақын дос боп кеттік, қазіргі таңда біздің ата-аналарымыз танысып, туысқандай араласады. Алдағы уақытта да достығымыз үзілмейді, - дейді ол. 

Даутовтың айтуынша, оның Ұлттық ұланнан үйренгені өте көп.

 Әскери қызметімді, қарулас достарымды, барлық командирлерімді өте қатты сыйлаймын, өте қызық естеліктер қалады. Әскерде қызмет етпесем де, күштік құрылымдарда қызметімді жалғастырамын деп шештім, оған ұландағы әскери қызметім әсер етті. Еліміздің ішкі бірлігі, ішкі тыныштығы үшін Ұлттық ұлан жауынгерлерінің, ішкі істер органдары қызметкерлерінің үлесі өте зор, - деді ол. 

Алматы облысы Қапшағай қаласынан Ұлттық ұлан қатарына шақырылғандардың бірі - Сергей Маленко.

Отан алдындағы борыш. Әскери қызметтегі арландар

Ұлттық ұландағы бір жылдық қызметімде мерген-маман болып қызмет атқардым. Әскерге бейімдеу, алғашқы дайындықтан өткізу үшін жасақталатын оқу пункті бізге өте көп көмегін тигізді. Алғашқы ату жаттығуын орындау кезіндегі 6506 әскери бөлім командирінің орынбасары полковник Амир Мансуровтың өте сауатты алғашқы нұсқауынан кейін ата алмау мүмкін емес еді. Алғаш роталарға бөлінгенде өзімізден 6 ай үлкен жауынгерлер бізді қатарларына қосып, жауынгерлік қызметті командирлерімізбен бірдей үйретті. Шымкент қаласы бойынша жауынгерлік қызмет атқарып жүрген кезімізде қарапайым тұрғындарға көмектесіп, алғыс алған күндеріміз де болды, - деді ол. 

Маленконың айтуынша, ол өмірде тұйықтау болған, ал әскерде бір ортада сарбаздармен араласып, ашылған. 

Күнделікті өмірде телефоннан бас алмайтынбыз, мұнда телефон жоқ, ешқандай проблемалар да жоқ. Күнде қызметіңді атқарасың, сағатпен санаулы күн тәртібі, өте жақсы қасиеттерді қабылдауға үйретті. Қарның тоқ, киімің бүтін, шынымды айтсам, өзімді таныдым десем де болады. Шыны керек, Ұлттық ұланда әскери қызмет атқарғанымды мақтан етемін. Болашақта бұл жерден әдемі естеліктер алып кетемін. Өзімнен кейінгі бауырларыма да бір жыл бос уақыт өткізу емес, керісінше алдағы өміріңе қажетті мол тәжірибе алып кетесің деп айтқым келеді. Менде болған жақсы күндер Сіздерге де бұйырсын дегім келеді. Ұлттық ұлан 6506 әскери бөлімі менің жадымда қалады, - дейді ол. 

 

 

Өзгелердің жаңалығы