Осы жыл Қазақстан үшін түбегейлі бетбұрыс жылына айналды - Президент

1 Қаңтар 2023, 00:08
1019
Бөлісу:
Осы жыл Қазақстан үшін түбегейлі бетбұрыс жылына айналды - Президент

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жыл меркесімен құттықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
 

«Міне, біз қазір бір ел болып, Жаңа жылды қарсы аламыз. Оны бәріміз ізгі ниетпен күтіп отырмыз. Осы сәтте мерекелік көңіл-күймен бір-бірімізге ақ тілек айтамыз. Болашаққа сеніммен қарап, жоспар құрамыз. Миллиондаған азаматтарымыз сияқты мен жаңа жыл жарылқасын деп келешекке үмітпен қараймын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент өткен жыл оңай болмағанын айтты.

«Өтіп бара жатқан жыл еліміз үшін оңай болған жоқ, күрделі болды. Қаңтар айында тәуелсіздік тарихындағы зор сын-қатерге тап болдық. Бірақ халқымыздың мызғымас бірлігінің арқасында біз осы қатердің бетін қайтардық. Елдігімізді сақтап қалдық. Төл тарихымызға қарасақ, жұртымыз көптеген сындардан шыңдалып шыққан. Біз де қиындықтарды артқа тастап, алға қарай нық қадам бастық», - деді  Мемлекет басшысы.

Президент мемлекетіміз жаңару және жаңғыру жолына түскенін айтты.
 

«Жалпы, осы жыл Қазақстан үшін түбегейлі бетбұрыс жылына айналды. Біз мемлекеттігімізді нығайтып, жаңару және жаңғыру жолына түстік. Жалпыхалықтық референдум өткізіп, шын мәнінде жаңа Конституциямызды қабылдадық. Онда нағыз әділдік рухы көрініс тапты. Енді Президент 7 жылдық мерзімге бір рет қана сайланатын болды. Парламент жүйесінің реформасын бастадық», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өзгелердің жаңалығы