Қостанайда "Кітап ауласы" ашылды

17 Шілде 2020, 18:40
3542
Бөлісу:
Қостанайда "Кітап ауласы" ашылды
PHOTO
Фото: автордан

Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай орталығында "Кітап ауласы" ашылды. Онда жұмыс күндері ашық аспан астында кітап оқып, қалаған кітапты үйге ала кетуге болады. 

Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы басшысы Ерлан Қалмақовтың айтуынша, кейінгі уақытта елдің кітап оқуға ықыласы артқаны байқалады. Мәселен, бір ғана Л.Н. Толстой атындағы облыстық кітапханаға төтенше жағдай тәртібінен кейінгі алғашқы аптада-ақ 700 оқырман жазылған.

IMG_4050.JPG

Карантин қайта күшейтіліп, кітапханалар жұмысы тағы да уақытша тоқтап қалды. Осы уақытқа кітапқұмарлардың сұранысын қанағаттандыру үшін «Кітап ауласы» жобасын қолға алдық. Бұрын мұндай "буккроссингтер" Қостанайдағы сауда орындарында ашылып еді, кейін жол болып кетті. Өйткені, тамақ ішуге, киім іздеуге барғандар кітап оқи бермейді. Ал, таза ауада, көлеңкеде кітап оқу деген – жанның рақаты. Бұл жерге нағыз оқырмандар келеді, - дейді Ерлан Қалмақов.
Басқарма басшысы алдағы уақытта кітап аулаларын қаланың басқа да аудандарынан ашуды көздеп отырғанын мәлімдеді. Ол үшін алдымен орталықтан ашылған орынның жағдайын бірер күн байқап көрмек.

IMG_4068.JPG

Кітап ауласында әлем классиктерімен қатар, отандық, жергілікті қаламгерлердің 200-ге тарта еңбегі қойылған. Арасында авторлардың өздері табыстаған туындылар да бар. Сондай кітаптардың бірін ауланың алғашқы қонағы болған ақын Абылай Мауданов қызығы оқығанын айтады.
Қасымхан Бегманов ағамыздың "Күреңбеліне" көзім түсіп, дәмін бір татқасын қия алмай, ертеңге дейін "қоштасқан" жайымыз бар. Тағы бір қолыма түспей жүрген туынды сөреде тұр екен, (1916 жылғы Торғайдағы ұлт-азаттық көтеріліс жайлы) оны да көздеп кеттім, - деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.
IMG_4037.JPG

IMG_4038.JPG

Кітап ауласының бес асыл ережесі бар: бірінші – сақтық шаралары, маска мен қолғап кию міндеттеледі; екінші – оқитын дүниеңді таңдау, үшіншісі – үйден әкелген кітабыңды қалдыру, төртіншісі – алған кітабыңызды 10 күн ішінде оқып шығу, бесіншісі – қайтару.

IMG_4047.JPG

Мен көбіне классикалық еңбектерді оқимын. Бұл жерде маған керек дүние бар екен, үйден кітап әкеп, өзіме ұнағанын алып кетсем деп отырмын. Кітап оқуға қызым Янаны да баулып жүрмін, - дейді "Кітап" ауласында біз кездестірген қала тұрғыны Светлана.

Өзгелердің жаңалығы