Қостанайда «Бастау Бизнес» бойынша алғашқы 500 адам оқуға кірісті

19 Наурыз 2019, 15:27
2385
Бөлісу:
Қостанайда «Бастау Бизнес» бойынша алғашқы 500 адам оқуға кірісті

Қостанай, BAQ.KZ тілшісі. Қостанай облысында «Бастау Бизнес» жобасы басталды. Осы жылы мыңнан астам сертификат өз иесін табады. Ал 18-29 жас аралығындағылар «Жас кәсіпкер» жобасы арқылы оқытылады. Бұл жөнінде Қостанай облысы Кәсіпкерлер палатасының қаржысыз қолдау бөлімінің басшысы Роберт Юсупов мәлімдеді.

«Қазірге дейін «Бастау Бизнес» жобасына 800-дей өтінім түсіп тұр. Оның ішінде шамамен 500 адам оқуды бастап кетті. Дәрістер 16 аудан мен 4 қалада өтеді. Үш лекпен 1 140 адамды оқытып шығамыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл – былтырғымен салыстырғанда екі есе аз, сондықтан, ниет білдірушілер өтінімдерін тезірек тапсырып, үлгеріп қалуы керек», - деді бөлім басшысы Роберт Юсупов.

Ол қатысушылардың қысқару себебін «Жас кәсіпкер» жобасының басталуымен түсіндірді. Яғни, 18-29 жас аралығындағылар сол жоба аясында оқытылады.

Кәсіпкерлік саласының негізін меңгеруге ниет білдіргендер алдымен тестілеуден өтуі тиіс. Осы психологиялық сынақ арқылы адамның әлеуеті көрініп, әртүрлі жағдайлардан өзін қалай алып шығатыны анықталады.

Оқу курсы 25 күнге созылып, қатысушылар осы аралықта стипендия алады. «Бастау Бизнестің» сертификаты кәсіп бастаймын дегендерге түрлі гранттарды ұтуға, жеңілдікті несиеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Ал «Жас кәсіпкер» жобасы Тобыл-Торғай өңірінде осы жылдың екінші жартысында бастау алмақ.

Өзгелердің жаңалығы