Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қостанай облысында әйел лотереядан 2 млн теңге ұтып алып, ұтысын алып кетуге әлі күнге дейін келмеген. Бұл туралы alau.kz сайты жазады.
"Сәтті Жұлдыз" ұлттық лотерея операторының PR-менеджері Әсемгүл Сыздықованың айтуынша, 17 шілде күні Қостанай облысының тұрғыны 2 млн теңге ұтып алған.
Әйел Торғайдағы Қазпошта бөлімшесінен лезде ұтысқа ие болатын лотерея сатып алған. Ол сол арада 2 миллион теңге ұтып алады. Қызметкерлер әйелге ереже бойынша ұтысты алу үшін құжаттарын алып, Қостанайға бару керек екендігін айтады.
«Қызметкерлер әйелмен оның келетін күнін, уақытын келісіп алады. Қоңырау шалып тұрады. Бірақ белгіленген күні ол келмей қалған. Телефоны өшіп жатыр. Оның келуін сұраймыз. Келіп, ұтысын алып кетсін. Ереже бойынша 180 күннің ішінде ұтысты алып кетпесе, ол мемлекетке өтеді. Бұл сомадан 10% салық ұсталады. Мұны автоматты түрде ұтқан сомадан бірден ұстап қалады», - деді Әсемгүл Сыздықова.
Оның айтуынша, бұл Қостанай облысы бойынша ең ірі ұтыс. Сонымен қатар, ұтысты алып кетпеу деген жағдай бұрын-соңды болмаған дейді.