Қостанай облысы, BAQ.KZ тілшісі. Тобыл өңірінде соңғы 5 жыл ішінде ірі қара малының бруцеллез ауруына шалдығуы 2,5 есе азайған. Бұл жөнінде бүгін "Адал көмек" алаңында өткен брифингте Қостанай облыстық Ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Бекет мәлімдеді.
2019 жылдың қорытындысы мен қазіргі жағдай бойынша облыс аумағында ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті ауруларының эпизоотиялық ахуалы тұрақты. Бұл жағдай біздің облыстың мал шаруашылығы өнімдерін ел ішінде және шекарадан тысқары жерлерге шығарып тасмалдауға, сатуына ешқандай кедергі жоқ екенін білдіреді, - деді Бауыржан Бекет.
Оның айтуынша, созылмалы індеттерге қарсы жоспарлы іс-шаралар тұрақты жүргізілуіне байланысты, облыста төрт түліктің бруцеллез, туберкулез секілді аурулары айтарлықтай азайған.
Ірі қарада жиі кездесетін бруцеллездің таралу көрсеткішінің 2015 жылдан бастап айтарлықтай кемігенін атап өту қажет. Облыс аумағында осы көрсеткіш 2014 жылы 1% болса, 2019 жылдың қорытындысында 0,38% көрсетті. Яғни, бұдан соңғы 5 жыл ішінде ірі қараның бруцеллез ауруына шалдығуы 2,5 есе азайғанын көреміз, - деді спикер.
Ветеринария басқармасының мәліметіне сүйенсек, сәуір айының басына облыс аумағында бірқатар іс-шаралар атқарылған. Атап айтқанда, сібір жарасына қарсы 57 мың бас ірі қара, 45 мың қой-ешкі, 4 мың жылқы, 10 мыңнан астам шошқа егілген. Ал пастереллез ауруының алдын алу үшін 16 мыңдай ірі қараға, 3 мыңға жуық қой-ешкіге, 150 бас жылқыға және 7 мың бас шамасында шошқаға екпе жасалса, қарасан ауруына қарсы 12 мың 250 басқа, ринотрахеит, вирустік диареяға қарсы 3 мың 425 басқа және нодулярлық дерматит ауруының алдын алу үшін 169 мың 400 бас ірі қараға вакцина салынған. Бұның сыртында 81 мың 917 бас ірі қараның қаны тексеріліп, 282 бастан бруцеллез анықталған.
Қазіргі таңда ауру малдар сою орындарына тапсырылып жатыр, жұғу көрсеткіші –0,34%. Сонымен бірге, 40 мың 944 бас қой-ешкіден қан алынып, бруцеллезге тексерілді, шыққан ауру мал басы төртеу ғана», - деп атап өтті баяндамашы.