Оспанова жасанды интеллектіні енгізудегі үш басымдықты атады

2 Қазан 2026, 16:15
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов 2 Қазан 2026, 16:15
2 Қазан 2026, 16:15
123
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

Қазақстанда жасанды интеллектіні мемлекеттік басқару, медицина, энергетика және қаржы салаларына енгізу кезінде нақты нәтижеге басымдық берілуі керек. Бұл ретте деректердің сапасы, технологиялардың қауіпсіздігі және білікті мамандар даярлау мәселелері маңызды. Бұл туралы Цифрлық үкіметті қолдау орталығының бас директоры Әлия Оспанова айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Оның айтуынша, жасанды интеллектіні дамыту үшін Қазақстанда қажетті бастапқы база қалыптасып келеді. Атап айтқанда, Жасанды интеллект туралы заң қабылданып, ұлттық AI-платформа, суперкомпьютерлік инфрақұрылым және ұлттық тілдік модельдер әзірленген. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді экономика мен мемлекеттік басқарудағы нақты мәселелерді шешуге пайдалану.

Қазақстанда жасанды интеллектіні кеңінен енгізу үшін бастапқы база қалыптасып келеді. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді нақты экономикалық және мемлекеттік міндеттерді шешуге бағыттау, – деді Әлия Оспанова.

Спикер жасанды интеллектіні дамытуда үш негізгі басымдық бар екенін атап өтті. Оның біріншісі – деректердің сапасын арттыру. Себебі AI жүйелерінің тиімділігі тікелей пайдаланылатын деректерге байланысты. Сондықтан мемлекеттік және салалық деректерді стандарттау, өзара байланыстыру және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет.

Екінші басымдық – жасанды интеллектіні нақты салалардағы міндеттерді шешуге пайдалану. Мәселен, медицинада дәрігерлерге шешім қабылдауға көмектесетін аналитикалық жүйелерді, энергетикада сұраныс пен тұтынуды болжау құралдарын, қаржы саласында тәуекелдерді анықтау тетіктерін дамытуға болады. Ал мемлекеттік басқаруда үлкен көлемдегі деректерді талдап, қажетті ақпаратты жедел дайындау маңызды.

AI енгізудің өзі нәтиже болып саналмауы керек. Әр жобаның нақты тиімділігі өлшенуі қажет: уақыт үнемделді ме, қателер азайды ма, қызмет сапасы жақсарды ма, – деді орталық басшысы.

Әлия Оспанова үшінші басымдық ретінде адами капитал мен қауіпсіздікті атады. Оның пікірінше, Қазақстанға жасанды интеллект жүйелерін әзірлейтін инженерлермен қатар, бұл технологияларды өз саласында тиімді қолдана алатын мамандар да қажет. Ал тәуекелі жоғары салаларда адамның бақылауы, киберқауіпсіздік және жауапкершілік талаптары міндетті түрде сақталуға тиіс.

Орталық басшысы жасанды интеллектінің жаһандық қауіпсіздігіне де тоқталды. Оның пікірінше, АҚШ президенті Дональд Трамптың бастамасымен жасалған суперинтеллект туралы келісімнің басты маңызы – жасанды интеллект қауіпсіздігін мемлекеттер мен технологиялық компаниялардың ортақ жауапкершілігі ретінде қарастыруында.

Әлия Оспанова 29 қыркүйекте АҚШ-та жетекші технологиялық компаниялар қол қойған келісімнің ерікті сипатта екенін атап өтті. Құжатта ішкі қауіпсіздік бақылауын күшейту, тәуелсіз сыртқы бағалау жүргізу және тәуекелдер үшін компания басшылығы деңгейінде жауапкершілік белгілеу сияқты қағидаттар қарастырылған.

Бұл әзірге міндетті халықаралық норма емес. Бірақ маңыздысы – ірі технологиялық компаниялардың ортақ қауіпсіздік қағидаттары төңірегінде келісуге талпынысы, – деді ол.

Оның сөзінше, жасанды интеллект ұлттық шекарамен шектелмейтіндіктен, жоғары тәуекелді жүйелерді бағалау, киберқауіпсіздік, деректерді қорғау және жауапкершілік мәселелері бойынша халықаралық деңгейде ортақ тәсілдер қажет.

Мұндағы негізгі қағида – инновацияны тоқтату емес, тәуекел деңгейіне сәйкес бақылау мен жауапкершілікті күшейту. Сондықтан бұл келісімнің құндылығы дайын жаһандық ереже болуында емес, болашақ халықаралық қауіпсіздік стандарттарын қалыптастыруға негіз бола алуында, – деп айтты Әлия Оспанова.

Наверх