Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Коммуналдық сала өнімдерін шығаруға негізделген өскемендік кәсіпорын медициналық құрылғылар шығара бастады.
Әлемді жайлаған коронавирустық инфекцияға байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде көптеген кәсіпорындардың жұмысын тоқтатқаны белгілі. Дегенмен, осындай қиын-қыстау кезеңде қаланың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін мекемелердің қайсыбірі жұмысын жалғастыруда. Осындай ұйымдардың бірі облыс орталығындағы "Силумин-Восток" кәсіпорны. Өзінің цехтары мен жұмыс орындарын санитарлық өңдеуден өткізуді қолға алған мекеме жұмысшыларын қауіпті індеттен барынша қорғауда. Кәсіпорын соңғы уақытта экранды бактериоцидті сәулелендіргіш құрылғысын жасауды қолға алды.
Біздің өндірісте өнімдердің жаңа түрі пайда болды. Атап айтсақ, кәсіпорнымыз экранды бактериоцидті сәулелендіргіш, қолды залалсыздандыруға арналған дозаторлар шығара бастады. Осылайша, карантин кезінде медицина саласына қажетті құрылғыларды қатар шығарып жатырмыз, - дейді "Силумин-Восток" ЖШС өндіріс бойынша директоры Андрей Зяблицкий.
Өстіп, енгізілген барлық карантиндік шектеулерге қарамастан орындарында қалған жұмысшылар қаланың тыныс-тіршілігінің бәз-баяғы қалпында жалғаса беруіне өз үлестерін қосуда. Компания басшылығының айтуынша, кәсіпорынның бір де бір жұмысшысы ақысыз демалысқа жіберілмеген.
Бізде машина құрастыру блогын тоқтатып, қашықтықтан жұмыс істеу тіптен мүмкін емес. Өйткені кәсіпорын тек Өскемен қаласының ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстанның коммуналдық шаруашылығына қызмет етеді. Оның ішінде жылумен және сумен қамтамасыз ету жүйелері, өздеріңіз көріп отырғандай медицина саласы да бар, - дейді "Силумин-Восток" ЖШС даму бойынща директоры Зоя Новолодская.
Осылайша, әлемді жайлаған пандемияға қарамастан тұтынушыға қажетті барлық өнімдерді ұсынған кәсіпорын жұмысын әрі қарай жалғастыруда.