Өскеменде жаңа көтерме тарату және гематологиялық орталықтар салынады

6 Қазан 2023, 18:50
576
Бөлісу:
Өскеменде жаңа көтерме тарату және гематологиялық орталықтар салынады
Фото: primeminister.kz

Шығыс Қазақстан облысында жұмыс сапарымен болған ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов Өскемендегі «Алтай» көтерме-тарату орталығының және Гематология орталығының құрылыс жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ Үкіметтің ресми сайтына сілтеме жасап.

Шығыс Қазақстан облысына инвестиция тарту жөніндегі іс-шаралар жоспары шеңберінде көтерме-тарату орталығын іске қосу жөніндегі ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыруға айтарлықтай үлес қосып, ауыл шаруашылығы саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға серпін береді.

Өскеменде жаңа көтерме тарату және гематологиялық орталықтар салынады

Қазіргі уақытта мұнда жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын, 45 мың тоннаға дейін өнім қабылдай алатын 2 көкөніс сақтау қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Екінші кезең аясында 2024 жылы КТО құрылысы аяқталуы тиіс, онда тауар түсіру үй-жайлары, ет, балық, жеміс-жидек, көкөніс, сүт және нан өнімдерін сатуға арналған алаңдар орналасады. Сонымен қатар шағын наубайхана, дәмхана және жәрмеңке өткізуге арналған алаң ашу жоспарланып отыр.

Премьер-министр аталған жобаның өңір үшін маңызды екенін атап өтті.

Ең әуелі, бұл ішкі нарықты қажетті өнімдермен, оның ішінде көкөністермен және басқа да азық-түлікпен тұрақты түрде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бағаны тұрақтандыруға ықпал етеді. Ең бастысы, өнім тапшылығы жиі туындайтын маусымаралық кезеңде өнім сақтау арқылы көкөністер мен жемістерді базарлар мен дүкендерге жеткізу мүмкіндігі болады, - деді Әлихан Смайылов.

Өскеменде жаңа көтерме тарату және гематологиялық орталықтар салынады

Оның айтуынша, КТО көрші елдер арасындағы транзитті қамтамасыз ете алады, бұл оның көлік-логистикалық әлеуетін толық ашады.

Мұнда шаруа қожалықтарының бірінің басшысы Валерий Қасымбаев Үкімет басшысына бал өңдеу зауытын салу туралы ұсыныс жасады. Дайын өнімді ішкі нарыққа да, экспортқа да жіберуге болады.

Бұл - өте қажет жоба. Менің ойымша, біз қаржыландыру мәселесінің шешімін табамыз, - деді Премьер-министр.

Келесі кезекте Әлихан Смайылов әлемдік стандарттарға сәйкес салынып жатқан гематологиялық орталықтың құрылыс барысымен танысты. Мұнда химиотерапияның күндізгі стационары, балалар ауруханасы, соматика, ересектер гематологиясы, кардиология және кардиохирургия, сүйек кемігін трансплантациялау және басқа да бөлімшелер қарастырылған. Орталық базасында азаматтар диагностикадан бастап оңалтуға дейінгі қызмет түрлерін ала алады. Ғимарат 2024 жылдың соңында ашылады деп күтілуде.

Премьер-министр бұл орталықтың облыс үшін ғана емес, жалпы республика үшін де маңызы зор екенін, оның қатерлі ісіктер, қан айналымы жүйесі аурулары және басқа да сырқаттары бар науқастарға кешенді медициналық көмек көрсететінін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы