Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өскемен қаласының тұрғыны мемлекеттік бағдарлама бойынша үй аламын деп алаяққа 2,5 млн теңге берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қалалық ПБ Үлбі полиция бөлімшесіне 35 жастағы әйел адам жүгінген. Өз сөзінде ол бейтаныс жігіттің мемлекеттік бағдарлама бойынша пәтер сатып алу үшін несие рәсімдеуге көмек көрсетемін деп әңгімеге тартқанын жеткізді.
Бұған сенген әйел оның қолына 2 500 000 теңгесін ұстатқан. Алайда айласын асырған алаяқ сол уақыттан бері еш хабарсыз кетті.
Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері күдіктінің кім екенін анықтап, оны қолға түсірді. Бұрын сотталған 25 жастағы қала тұрғыны қазіргі уақытта қолхатпен босатылған, - деп хабарлады ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта тәртіп сақшылары аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне (алаяқтық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.