Өскеменде соңғы қырық жылда алғаш рет жаңа трамвай жүре бастады

9 Қаңтар 2023, 17:39
1128
Бөлісу:
Өскеменде соңғы қырық жылда алғаш рет жаңа трамвай жүре бастады

Бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар жазды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Өскеменде соңғы қырық жыл ішінде алғаш рет жаңа трамвайлар қайта жүре бастады. 2018 жылы трамвай паркі муниципалдық меншікке қайтарылғаннан кейін біз үлкен жұмысты жоспарлап, жүзеге асырдық. Кәсіпорынның  материалды-техникалық базасы ретке келтіріліп, байланыс желілері мен рельс жолдары жөндеуден өтті. Қаламызда үш жылда рельс жолдардың аса проблемалық учаскелерінің барлығы дерлік ауыстырылды – бұл төрт шақырымға жуық жол. Енді келесі қадам жасайтын уақыт келді, яғни жаңа жылжымалы құрам сатып алу, - деп жазды ол.


Бүгін жаңа екі вагон сыннан өткізілді, оларды ертең желіге шығару жоспарланған. 

Қалаға тағы екі вагон әкелініп, қазір трамвай паркінде жұмысқа әзірленіп жатыр. Олар қаңтардың соңына дейін іске қосылады. Жаңа трамвайлардың жүріс бөлігі жетілдірілген, салонында кондиционер орнатылған, ұялы құрылғыларды қуаттау мүмкіндігі де қарастырылған. Сондай-ақ жаңа вагондар қозғалысы шектеулі азаматтардың қажеттіліктеріне сәйкес бейімделген. Трамвай желілерін жаңғырту бойынша жұмыс әлі де жалғасады. Паркті ары қарай жаңартуға қатысты шешім  алғашқы жаңа вагондарды қолдану тәжірибесінің негізінде қабылданатын болады, - деп жазды Жақсылық Омар.

Өзгелердің жаңалығы