Өскеменде қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпия құжаттар жарияланды

31 Мамыр 2023, 10:23
1505
Бөлісу:
Өскеменде қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпия құжаттар жарияланды
Фото: Суреттерді ұсынған – Альфия Бақбаева

Шығыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану музейінде саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Таңбаланған адамдар және тағдырлар» атты экспозициялық көрме ашылды, деп хабарлайды осы өңірдегі BAQ.KZ тілшісі.

Көрме материалдары саяси қуғын-сүргін құрбаны болған шығысқазақстандықтардың қайғылы тағдырын баяндайды. Құжаттар мен фотосуреттер сол уақытта адамдардың қалай заңсыз сотталып, атылғанын куәландырады. 

Саяси қуғын-сүргін алпыс жылдан астам айтуға, жазуға қатаң тыйым салынған тақырып болатын. Десек те музей қызметкерлерінің арқасында біраз материал жиналды. Соның негізінде құжат көшірмелері, лагерь тұтқындарының жазған хаттары экспозициядан орын алды.

Музей экспозициясының алғашқы бөлімі Алаш арыстарына арналған. Мұнда Алаштың ұлы тұлғаларына қатысты фотосуреттер мен құжат көшірмелері қойылды. Олар Ә. Бөкейханов, А. Байтұрсынов, М. Дулатов, Ж. Аймауытов, Ә. Ермеков, Р. Мәрсеков, М. Тынышбаев сынды Алаш қайраткерлерінің өмірінен ақпар береді. Сонымен қатар экспозицяда 1921-1922 жылдардағы ашаршылыққа, конфескелеуге байланысты құжаттар қойылған, – дейді Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейінің меңгерушісі Альфия Бақбаева.

Өскеменде қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпия құжаттар жарияланды

1937 жылы Қазақстанда шамамен 7500 адам қуғынға ұшырап, оның 2500-і ату жазасына кесілсе, Шығыс Қазақстанда 1350 адам қуғынға ұшырап, 300 адам атылған. «Халық жауларымен» күрес жүйелі жүргенін және осы жоспарларға үнемі түзетулер енгізіп отырғанын экспозицияға қойылған құжаттар айғақтайды. Экспозицияның келесі бөлімінде Қазақстанға күштеп қоныс аударылған халықтардың қасіреті баяндалады. Қорытынды бөлім желтоқсаншы жастарымызбен түйінделеді.

Облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлері репрессия тақырыбымен 60-шы жылдардан айналысады. Ал 90-шы жылдары белсенді түрде репрессия, депортация жөнінде біраз материал жинақтады. Өкінішке қарай, облыстық архивтерде көбінесе ақталған туралы бір жапырақ қағаз ғана сақталған. Дегенмен музей қызметкерлері жазықсыз жазаланғандардың бүгінгі ұрпақтарынан аталары, әкелері жайлы қолда бар естелік материалдарын алып қалуға тырысады, – дейді Альфия Бақбаева.

Өскеменде қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпия құжаттар жарияланды

Солардың бірі – Шайхи Тұрлыбаев 1937 жылы репрессияға ұшыраған. Ол 1911 жылы Қарағанды ​​облысы, Тельман ауданы, №8 ауылда туған. «Алтайполиметалл» тресі Риддер зауытында арнайы сектор меңгерушісі болған. 1937 жылы 21 қыркүйекте НКВД тұтқындап, 1938 жылы 10 наурызда КСРО Жоғарғы соты әскери алқасының үкімімен сотталған. Ол 10 жылға еңбекпен түзеу лагеріне жөнелтіледі. 1958 жылы 19 сәуірде сот қаулысымен ақталған.

Өскеменде қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпия құжаттар жарияланды

Қуғын-сүргіннің тағы бір құрбаны – Кәрім Құндақбаев 1906 жылы Зайсан уезінің №5 ауылында дүниеге келген. 1927 жылы екі сыныптық сауат ашу мектебін бітірген. 1928 жылы халық тергеушісі курсын тәмамдап, 1929-1930 жылдары Зайсан ауданының жер бөлімінде қызмет атқарады. Кейін Шілікті совхозына директор болады. 1935-1937 жылдары Үлкен Нарын ауданында екінші хатшы, 1937 жылы Көкпекті ауданында бірінші хатшы болды. Бірақ 1937 жылы 7 желтоқсанда соңғы қызметіне енді кіріскен ол қамауға алынған. 1938 жылғы наурызда Алматы қаласында халық жауы ретінде атылды. 1958 жылдың 27 ақпанында қылмыс құрамының болмауына байланысты ақталды. Кәрім Құндақбаевқа қатысты құжаттарды облыстық тарихи-өлкетану музейіне туысы Бижамал Әбесова өткізген. Туыстарының ізденісі арқасында Зайсан қаласының бір көшесіне Құндақбаевтың есімі беріліпті.

Өскеменде қуғын-сүргін құрбандарына қатысты құпия құжаттар жарияланды

Қызыл террор ешкімді аяған емес. Сол саясаттың құрбаны болған ауыл зиялыларының бірі – Виктор Фомин 1910 жылы Тобыл округінің Слабочик селосында дүниеге келген. 1928 жылы Кумашкино (қазіргі Күршім) ауданында агроном болған. Кейін Павлодар қаласына ауысып, жер бөлімін басқарады. Сол қызметте жүрген ол 1937 жылғы 1 қарашада антисоветтік әдебиетті сақтаған деген айыппен қамауға алынып, өлім жазасына кесілді. Бірақ тінту кезінде ештеңе табылмаған. 1956 жылғы 7 қыркүйекте ақталды.

Солақай саясаттың салдарынан жапа шекендер мен қаза тапқандарды болашақ ұрпақ ұмытпауға тиіс.

Өзгелердің жаңалығы