Өскеменде көпбалалы отбасылардың алғашқы легіне пәтер кілттері табысталды

7 Мамыр 2019, 16:28
1971
Бөлісу:
Өскеменде көпбалалы отбасылардың алғашқы легіне пәтер кілттері табысталды
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Өскемен қаласындағы көпбалалы отбасылардың алғашқы легіне пәтер кілттері табысталып, 10 отбасы жаңа баспанаға ие болды.

«Бірінші кезекте барлықтарыңызды бүгінгі Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінгі шараға Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың берген тапсырмасын орындау мақсатында жиналып отырмыз. Бізде көпбалалы отбасыларды қолдауға бағытталған кең ауқымды бағдарламаларымыз да жоқ емес. Атап айтсақ, қазіргі уақытта мұндай отбасыларды балабақша төлемақысынан босату, балаларын колледждерде тегін оқыту, мектеп формасымен қамту сияқты шараларымыз бар. Көпбалалы аналарға, сіздердің балаларыңыздың қуанышына орай ұйымдастырылған бүгінгі шара барысында осындай 10 отбасыға пәтер кілтін табыстамақпын. Биыл біз аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға пәтерлер беруді жалғастырамыз. Ал сіздер болсаңыздар сол отбасылардың алғашқы легісіздер», - деді шара барысында құттықтау сөзін сөйлеген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов.

«Nur Otan» партиясының мерейтойлы съезінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев елімізде аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың назардан тыс қалмауы қажеттігін баса айтқан болатын. Әр қазақстандықтың жүргізіліп жатқан реформалар нәтижесін сезінуі қажеттігін айтқан Елбасы бірінші кезекте табысы аз отбасыларға қолдау көрсету керектігін ескертті. Жалпы, Шығыс Қазақстанда жыл соңына дейін осындай санаттағы отбасыларға 200-ден астам пәтер табысталмақ.

«Бүгінгі күн мен үшін өте қуанышты күн. Біз бұл күнді қалаға келгелі, яғни 12 жыл тостық. Осыншама жыл жатақхананың бір бөлмесін жалдап тұруға мәжбүр болдық. Төрт жыл бұрын жолдасым өмірден озып, бес баламен қалдым. Бюджеттік мекеме қызметкері болғандықтан бұл екі бөлмелі пәтер маған тегін беріліп отыр. Яғни бюджеттік саладағы жұмыс өтілім 10 жылға толған соң бұл пәтер бізге басыбайлы тиесілі болады», - деді Өскемен қаласының тұрғыны болып келетін көпбалалы ана Бейбітгүл Сығаева.

 

 

 

Өзгелердің жаңалығы