Өскемен-1 вокзалы жаңарды: Тарихи нысан жаңа кейіпке енді

1938 жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан вокзал қайта жаңғыртылды. Енді мұнда жолаушыларға қандай жағдай жасалды?

31 Тамыз 2026, 14:36
АВТОР
 ҚР Көлік министрлігі 31 Тамыз 2026, 14:36
31 Тамыз 2026, 14:36
125
Фото: ҚР Көлік министрлігі

Шығыс Қазақстан облысында Өскемен-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталды. Өңірдегі жолаушылар инфрақұрылымының негізгі нысандарының бірінің жаңартылуы қызмет көрсету сапасын арттыруға және жолаушылар үшін неғұрлым қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған.

Өскемен-1 теміржол вокзалы 1938 жылы салынған. Жобаны іске асыру нәтижесінде вокзал кешені жаңартылған келбетке ие болып, инфрақұрылымы жақсартылды. Жалпы ауданы 2 500 шаршы метрден асатын ғимарат екі қабаттан және жертөледен тұрады.

Қайта жаңғырту барысында нөлдік цикл жұмыстарын жүргізу, ғимараттың қаңқасын тұрғызу және шатырын монтаждау орындалды. Сумен жабдықтау және кәріз жүйелерінің сыртқы инженерлік желілері, жылу желілері, ішкі инженерлік коммуникациялар, электрмен жабдықтау және әлсіз токты жүйелер жаңартылды. Сонымен қатар сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстары, перронды реконструкциялау және іргелес аумақты абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Өскемен-1 вокзалы 2-санатқа жатады. Тәулігіне орта есеппен шамамен 2 025 жолаушыға қызмет көрсетіледі. Станция арқылы Астана, Алматы, Аягөз, Жезқазған, Қарағанды және Достықпен теміржол қатынасын қамтамасыз ететін 12 жолаушылар пойызы өтеді.

Айта кетейік, нысанды жаңарту Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірінде 124 теміржол вокзалын реконструкциялау және жаңғыртуды көздейтін ауқымды бағдарлама аясында жүзеге асырылды. Шығыс Қазақстан облысында аталған бағдарлама шеңберінде бұған дейін Риддер, Шемонаиха, Күмістау және Алтай станцияларының вокзалдары қайта жаңғыртудан кейін ашылған болатын.

Наверх