ОСК. Сарапшылық кеңестің құрамы жаңартылды

10 Қыркүйек 2024, 11:52
1003
Бөлісу:
ОСК. Сарапшылық кеңестің құрамы жаңартылды
Фото: ОСК ресми сайты

Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сарапшылық кеңестің бесінші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Күн тәртібіне екі мәселе шығарылды: 1. референдумның құқықтық базасы – 2024 жылғы түзетулер; 2. референдум процесін ұйымдастырудың өзекті мәселелері.

Отырысты ашқан ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Сарапшылық кеңестің жаңадан сайланған мүшелерін таныстырды.

Инклюзивтілік қағидаттарын, сондай-ақ ҚР ОСК жаңа даму стратегиясында айқындалған институционалдық даму басымдығын сақтау мақсатында ағымдағы жылы құрам азаматтық құқықтарды, мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау саласындағы белгілі қоғам қайраткерлерін және өңірлердің сайлау комиссиялары өкілдерін қосу арқылы кеңейтілді, - деп атап өтті Нұрлан Әбдіров.

Кеңестің жаңартылған құрамына «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің президенті Жанат Омарбекова, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Татьяна Баклажанская, Республикалық нотариаттық палатаның төрайымы Әсел Жанәбілова және Атырау облысы аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Азамат Айманақұмов кірді.

ОСК. Сарапшылық кеңестің құрамы жаңартылды

ОСК басшысы Кеңес мүшелерінің құрамын толықтыру оның сарапшылық әлеуетін кеңейтетініне және қоғамдық өмірдің түрлі салаларының сарапшыларымен сындарлы және тиімді пікір алмасу үшін диалог алаңының мүмкіндіктерін күшейтетініне сенім білдірді.

Ортсайлаукомның басшысы Нұрлан Әбдіров талқыланып жатқан мәселелерге тікелей тоқтала отырып, бүгінгі таңда осы жазда қабылданған референдум заңнамасының жаңашылдықтарын талқылау және түсіндіру сайлау күн тәртібінің өзекті мәселесі болып табылатынын атап өтті. Түзетулер қолданыстағы республикалық референдум туралы заңда орын алған кейбір құқықтық олқылықты жоюға бағытталған.

Бірінші мәселе бойынша республикалық референдум туралы заңнамадағы жаңашылдықтарды түсіндірумен әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова сөз сөйледі. Ол енгізілген түзетулердің негізгі бөлігі конституциялық сайлау туралы заңға сілтеме нормалары екенін түсіндірді.

Сайлау заңнамасына ұқсас Республикалық референдум туралы Конституциялық заңда қазір ұлттық және халықаралық байқаушылардың, сондай-ақ шетелдік БАҚ өкілдерінің құқықтары мен міндеттері бекітілді. Бұқаралық ақпарат құралдарының референдумды әзірлеу мен өткізу барысын жария ету тәртібі айқындалды. Референдум кезеңінде қоғамдық пікірге сауал салу жүргізу тәртібі және басқа да маңызды мәселелер көрсетілді.

Әділет министрлігінің презентациясына түсініктеме бере отырып, ҚР ОСК жанындағы Сарапшылық кеңестің мүшесі, VIII сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің төрайымы Снежанна Имашева референдум туралы заңнамадағы жаңашылықтар Мәжілістегі талқылау кезеңінде өте жақсы пысықталғанын атап өтті. Ол сондай-ақ қабылданған түзетулер референдум өткізу процесін жеңілдететініне сенім білдірді. Өйткені олар көптеген мәлімет пен процедуралық сәттерді ұйымдастырады.

ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров бірінші мәселені талқылауды қорытындылай келе, «республикалық референдум туралы заңнама уақтылы және сапалы жаңартылғанын атап өтті. 

Бұл ретте біздің елімізде 2022 жылғы референдумды ұйымдастыру және өткізу тәжірибесі, сондай-ақ сарапшылар мен халықаралық байқаушылардың ұсынымдары ескерілді. Осылайша, жаңартылған Республикалық референдум туралы Конституциялық заң жаңартылған Конституциялық сайлау туралы заңмен толық үйлеседі және әлемдегі ең жақсы тәжірибелер мен сайлау стандарттарын ескереді, - деді ол.

Екінші мәселеге көше отырып, Нұрлан Әбдіров отырысқа қатысушыларды референдум өткізуге дайындық барысы туралы хабардар етіп, науқанды ақпараттық сүйемелдеу, ұлттық байқаушылардың қызметін ұйымдастыру және референдум процесіне қатысушыларды электоралдық оқыту сияқты негізгі бағыттарды қозғады. Бүгінгі таңда сайлау органдары 191 ҚБ және КЕҰ (ОСК – 9, АСК - 182) аккредиттелді, комиссия мүшелерін каскадты әдіспен жергілікті жерлерде одан әрі оқыту үшін 139 тренер дайындалды.

Референдум ұйымдастыру және құқықтық базаны жетілдіру мәселелеріндегі өз көзқарастарымен заң ғылымдарының докторлары, профессорлар Исидор Борчашвили мен Марат Қоғамов бөлісті. Референдумға жеке шақыруларда QR-кодты пайдалану туралы ұсынысты ҚР ОСК жанындағы Жас сайлаушылар клубының мүшесі Айсана Рахимова айтты.

Нұрлан Әбдіров референдумды әзірлеу мен өткізу жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ретінде Орталық референдум комиссиясы үшін негізгі міндет ұйымдастырушылық іс-шаралардың үлкен бөлігін тиімді және уақтылы іске асыру болып табылатынына назар аударды.

Өткен диалогты қорытындылай келе, Нұрлан Әбдіров сайлаушылардың еркін білдіруі үшін жағдайларды барынша жасалуына баса назар аударды. Ол ОСК-на Сарапшылық кеңес мүшелерінің айтылған ұсыныстары мен пікірлерін зерделеу, оларды қорытындылау және барлық деңгейдегі референдум комиссияларының жұмысында ескеру қажеттігін атап өтті.

ОСК. Сарапшылық кеңестің құрамы жаңартылды
Өзгелердің жаңалығы