Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Орталық сайлау комиссиясы ҚР Президенттігіне кандидат Төлеутай Рахымбеков ҚР Конституциясы және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңының талаптарына сәйкестігін анықтау туралы қаулы қабылдады.
Қаулы жобасын ҚР Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Бақыт Мелдешов таныстырды. Ол 2019 жылдың 26 сәуірінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 55-бабына сәйкес, «Ауыл» Халықтық-Демократиялық партиясының Төлеутай Сатайұлы Рахымбековті президенттікке кандидат ретінде ұсынуына байланысты оның тиісті құжаттарын ҚР Орталық сайлау комиссиясына өткізгенін еске салды.
Орталық сайлау комиссиясы кандидат Төлеутай Рахымбековтің Конституцияда және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңда белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеруге жәрдемдесуі үшін уәкілетті мемлекеттік органдарға сұрау салды және тиісті мәліметтер алды.
2019 жылдың 26 сәуірінде ҚР Орталық сайлау комиссиясында кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау жөнінде лингвистикалық комиссияның отырысы өтті және комиссия үміткердің мемлекеттік тілді еркін меңгергені жөнінде шешім қабылдады. Сонымен бірге, Орталық сайлау комиссиясы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің мәліметтері негізінде Төлеутай Рахымбековтің Қазақстанда туғанын, ҚР азаматы екенін, соңғы 15 жылда Қазақстанда тұрғанын анықтады. Оның жоғары білімі бар, сотталмаған, сыбайлас жемқорлық бойынша жауапқа тартылмаған, белсенді сайлау құқығына ие және мемлекеттік қызметте және сайланбалы лауазымдарда кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар.
ҚР ОСК қабылдаған қаулының 1-тармағында үміткер Төлеутай Сатайұлы Рахымбековті ҚР Конституциясына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Заңында қойылған талаптарға сай келетіні айтылған. Екінші тармақта облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Қазақстан Республикасы астанасының сайлау комиссияларына Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдап қол жинауға арналған қол қою парақтарын Төлеутай Рахымбековке беру тапсырылған.