Өсімдік майы Өскеменнен Қытай мен Өзбекстанға тасымалданады

9 Желтоқсан 2024, 15:27
244
Бөлісу:
Өсімдік майы Өскеменнен Қытай мен Өзбекстанға тасымалданады
Фото: @ortcom_kz

Қазақстан бойынша күнбағыс майын өндіруден Шығыс Қазақстан – 1-орында. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев биыл облыста дәнді және майлы дақылдардың өнімділігі 25%-ға өскенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өңделген өнімдердің экспорты бір жылда 37,6%-дан 65,5%-ға дейін өскен. Облыстың экспорттық әлеуетін көтеру үшін жыл бойы халықаралық шаралар шеңберінде экспортқа өсімдік майын тасымалдауға бірнеше ірі келісімшарт бекіттік,- деді әкім Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Ол ҚХР халықаралық көрмесінде "ВостокЭкоЛайн", "Сей-Нар" және "Янтарь УК" компаниялары 11 млндолларға, Самарқанда өткен 4-інші "Қазақстан-Өзбекстан" халықаралық ынтымақтастық форумында 12 млн долларға, Шанхайда өткен 7-ші Қытай халықаралық импорт көрмесінде “Восток сельхоз продукт” пен Қытай компаниясы арасында тағы 3 млн долларға келісімшарттар жасады.

Сондай-ақ Көшербаев Өскеменде жылына 50 мың тонна шикізат өндіретін "Алтай май" май экстракциялау зауытының құрылысы аяқталуға жақын екенін жеткізді.

Оның құны – 17,3 млрд теңге. Бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлінсе, инвестор 14,8 млрд теңге бөліп отыр. Бұл зауыт өңделген өнімнің көлемін 595 мың тоннадан 700 мың тоннаға дейін өсіруге мүмкіндік береді. Өсімдік майының экспорты бір жарым есеге ұлғаяды, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы