ОСИ төрағасының міндеті қандай? Маман тұрғын үйді күтіп-ұстауға қатысты талаптарды түсіндірді

Министрлік өкілі фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты сот отырысында жауап берді.

2 Қыркүйек 2026, 12:46
АВТОР
 ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев 2 Қыркүйек 2026, 12:46
2 Қыркүйек 2026, 12:46
116
Фото: ©BAQ.KZ архиві/Бауыржан Жуасбаев

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті Тұрғын үй қорын дамыту басқармасының басшысы Қызғалдақ Медетова сот отырысында ОСИ төрағасының міндеттері, көппәтерлі үйдің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және үйде ақаулар анықталған жағдайда атқарылуы тиіс жұмыстар туралы түсіндірді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Маманның айтуынша, көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару және күтіп-ұстау мәселелері «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңмен және осы саладағы шамамен 16 нормативтік-құқықтық актімен реттеледі.

ОСИ төрағасы пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, паркингтер мен қоймалардың меншік иелерінің қауіпсіз әрі жайлы тұруына жағдай жасауға бағытталған шаралар кешенін қамтамасыз етуге міндетті.

Сонымен қатар көппәтерлі үйдің фасады кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне жатады.

Үйді тексеру қалай жүргізілуі керек?

Қызғалдақ Медетова кондоминиум объектісін басқару қағидалары 2015 жылғы 19 ақпандағы №108 бұйрықпен бекітілгенін айтты.

Оның түсіндіруінше, үйдің ортақ мүлкін тексеруге ОСИ төрағасы, басқару субъектілері немесе басқарушы компания, сондай-ақ үй кеңесінің мүшелері қатысады. Тексеру нәтижесінде ортақ мүліктің тізімі және тексеру актісі жасалады.

Заңда мұндай тексеру міндетті түрде жылына бір немесе екі рет жүргізілуі керек деген нақты талап жоқ. Алайда жылдық смета жасау кезінде үйдің жағдайы мен ортақ мүлкіне жүргізілген тексеру нәтижелері ескеріледі.

Маман фасадтың да ортақ мүліктің тізіміне енгізілетінін айтты. Онда фасадтың көлемі мен қандай материалмен қапталғаны көрсетіледі.

Егер тексеру барысында фасадтан немесе ортақ мүліктің басқа бөлігінен ақау анықталса, бұл мәселе меншік иелерінің жалпы жиналысына шығарылуы керек.

Ақау анықталса, меншік иелері жалпы жиналыста нысаналы қаражат жинау, күрделі жөндеу жүргізу немесе техникалық тексеру ұйымдастыру туралы шешім қабылдай алады, – деп түсіндірді Медетова.

Оның айтуынша, меншік иелері жалпы жиналыстың шешімі негізінде аккредиттелген мамандарды немесе мамандандырылған ұйымдарды тарта алады.

ОСИ төрағасының техникалық білімі болуы міндетті ме?

Сотта ОСИ төрағасының арнайы техникалық білімі болмаса, үйдегі ақауларға қатысты міндеттері өзгере ме деген мәселе де көтерілді.

Қызғалдақ Медетова заңда ОСИ төрағасына арнайы техникалық білім талап етілмейтінін айтты. Алайда техникалық білімінің болмауы оны үйдің ортақ мүлкін тиісінше күтіп-ұстауды қамтамасыз ету және анықталған ақауларға тиісті шара қолдану міндетінен босатпайды.

Сонымен бірге маман ОСИ төрағасы үйдің техникалық жай-күйін кәсіби деңгейде өзі анықтауы тиіс деген талап жоқ екенін түсіндірді. Қажет болған жағдайда тиісті мамандар мен мамандандырылған ұйымдар тартылады.

Медетова өзінің де осы үйдің қазіргі техникалық жағдайын білмейтінін айтты. Оның білімі жоғары заңгерлік, ал оның құзыретіне тұрғын үй қатынастары туралы заңнама және кондоминиум объектілерін басқару мен күтіп-ұстауға қатысты нормаларды түсіндіру жатады.

Жаңа ОСИ төрағасына құжаттар берілуі керек

Маман ОСИ төрағасы ауысқан кезде үйге қатысты құжаттардың жаңа төрағаға тапсырылуы тиіс екенін де түсіндірді.

Оның айтуынша, қабылдау-тапсыру актісі арқылы көппәтерлі тұрғын үйдің құжаттары, қаржылық құжаттар, бастапқы есепке алу құжаттары, қаржылық есептілік, ағымдағы және жинақ шоттарына қатысты құжаттар, жалпы жиналыстардың хаттамалары, коммуналдық қызмет көрсету шарттары, көрсетілген қызметтерді қабылдау актілері, айлық және жылдық есептер, сондай-ақ үйді пайдалану үшін қажетті өзге де құжаттар, техникалық құралдар мен жабдықтар берілуі керек.

Бұрынғы басқарушы бұл құжаттарды жаңа басқару нысаны басталғаннан кейін 10 жұмыс күнінен кешіктірмей тапсыруы тиіс.

Ал жаңа ОСИ төрағасының міндеттері оның әділет органдарында ұйымның бірінші басшысы ретінде тіркелген кезден бастап туындайды.

Медетова бұрынғы төраға құжаттарды әлі тапсырмаған жағдайда жаңа төраға алдымен сол құжаттарды қабылдап, үйге қатысты мәліметтермен танысуы қисынды екенін айтты. Дегенмен бұл үйді тиісінше күтіп-ұстау және анықталған мәселелерге әрекет ету міндетін жоймайды.

Күрделі жөндеу қалай жүргізіледі?

Қызғалдақ Медетова күрделі жөндеу мәселесінде де меншік иелерінің шешімі қажет екенін айтты.

Егер жөндеу меншік иелерінің жинақ шотындағы қаражат есебінен жүргізілсе, оған мемлекеттік органнан арнайы рұқсат алу қажет емес. Бұл жағдайда меншік иелері жалпы жиналыста шешім қабылдап, мердігерді өздері таңдайды.

Ал күрделі жөндеуге жергілікті немесе республикалық бюджет қаражаты тартылса, мемлекеттік органдардың қатысуымен тиісті рәсімдер жүргізіледі.

Маманның түсіндіруінше, мұндай жағдайда меншік иелерінің кемінде 51 пайызы күрделі жөндеу жүргізу туралы шешімді қолдауы керек. Одан кейін жергілікті атқарушы органға немесе тұрғын үй инспекциясына техникалық тексеру жүргізу туралы өтініш беріледі. Бұдан әрі техникалық сараптама және қажетті жұмыстар жүргізіледі.

Үйдің техникалық жағдайын мемлекеттік тексеруді кім ұйымдастырады?

Сотта үйдің мемлекеттік техникалық тексеруін кім ұйымдастыратыны туралы да сұрақ қойылды.

Медетова бұл жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататынын айтты. Оның түсіндіруінше, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 10-3-бабына сәйкес жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй қорын түгендеуді және көппәтерлі үйлерді есепке алуды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ тиісті деңгейде мемлекеттік техникалық тексеруді ұйымдастыру олардың құзыретіне кіреді.

Егер ОСИ төрағасы немесе меншік иелері мемлекеттік органдарға электронды түрде немесе қабылдауға жазылу арқылы жүгінсе, тиісті органдар өз құзыреті шегінде тұрғын үй заңнамасына қатысты түсініктеме бере алады. Мұндай түсіндіруді тұрғын үй инспекциясы да береді.

ОСИ төрағалары арнайы оқудан өтуге міндетті ме?

Маманның айтуынша, ОСИ төрағалары үшін міндетті арнайы оқу немесе сертификаттау талабы жоқ.

Олар тұрғын үй заңнамасы мен үйді басқаруға қатысты талаптарды өз бетінше меңгеруі немесе қажет болған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдардан, соның ішінде тұрғын үй инспекциясынан түсініктеме алуы керек.

Наверх