Орынбеков: Өңірлердің дамуына ықпал ету – біздің басты міндетіміз

30 Желтоқсан 2024, 14:18
261
Бөлісу:
Орынбеков: Өңірлердің дамуына ықпал ету – біздің басты міндетіміз
Фото: сенат

Сенатор Бекболат Орынбеков Жамбыл облысындағы Шу ауданында негізгі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру барысымен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Депутат Жиенбет ауылында 100 орындық жаңа мектептің құрылыс алаңында болды. Оның айтуынша, бұл жоба өңірдегі білім сапасын арттыруды көздейді.

Депутат сондай-ақ «Шу-Жылу» орталық қазандығы аумағында болып, жабдықтарды жаңғырту қажеттігі мен тиімділігін арттыру жолдарын талқылады. Ол сонымен қатар Қант зауыты шағын ауданындағы су құбыры желісінің құрылысымен танысты және өңірдегі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының дамуы инфрақұрылымды жақсартуға тікелей байланысты екенін атап өтті.

Бекболат Орынбеков Белбасар ауылындағы 100 орындық мәдениет үйінің құрылысымен де танысты. Сенатор бұл нысан ауылдағы мәдени және әлеуметтік өмірдің орталығы болатынын айтты. Депутат республикалық маңызы бар «Шу-Қайнар» автожолына да назар аударды, онда қазіргі кезде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Депутаттың пікірінше, көлік инфрақұрылымын жақсарту ауданның экономикалық дамуына елеулі үлес қосады.

Өңірлердің дамуына ықпал ету – біздің басты міндетіміз. Бұл халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға тікелей әсер етеді. Шу ауданы тұрғындарымен кездесулер барысында бірқатар маңызды жобалармен таныстық. Олар өңірдің әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартуға, халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған. Біз осындай жобаларды қолдап, олардың жүзеге асуына барлық күшімізді саламыз, – деп атап өтті Бекболат Орынбеков.

Өзгелердің жаңалығы