Өрттің басым бөлігі бизнесмендердің салғырттығынан болады

15 Ақпан 2024, 20:03
472
Бөлісу:
Өрттің басым бөлігі бизнесмендердің салғырттығынан болады
Фото: автордан

Ертіс өңірінде бизнес нысандарда болатын өрттердің басым бөлігі кәсіпкерлердің салғырттығынан болып жатады, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

 

Сала мамандарының айтуынша, облыс аумағында бизнес объектілерінің өртену деректері азаймай тұр. Биылғы жылдың басында Павлодар қаласында ірі нысандар қызыл жалынға оранды. Мәселен, «Весёлый улей» сауда үйі мен «Best et» дәмханасын тілсіз жау шарпыды. Осындай мысалдар жетерлік.

 

Павлодар қалалық төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Жантуар Батырхановтың айтуынша, қос оқиға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау салдарынан болды. Бас-аяғы 500 шаршы метрлік түгелдей өртеніп кетті.

 

«Бұл оқиғалардың негізгі себептері – электр құралдарын пайдаланудағы олқылықтар. Басқаша айтсақ, нысан иелері көбінесе құрал-жабдықтардың жағдайын тексеріп, сынақтан өткізбейді. Пайдалануға болмайтын, қолданыс мерзімі өтіп кеткен сымдарды алмастырмайды. Ал қыс мезгілінде жылыту құралдарын пайдаланудағы бұзушылықтар көп тіркеледі. Жұмыскерлердің салғырттығы тағы бар», - дейді ол.

 

Мамандардың зерттетуіне сүйенсек, өрт оқиғалары ғимарат ішінде адам жоқ кезде болады. Оның өзінде өрт дабылы жұмыс істемейді немесе істен шыққан болып шығады.

 

Павлодар қалалық ТЖБ-ның аға инженері Мұхамед Жеңістің атуынша, бизнес субъектілеріндегі оқыс оқиғаларды алдын алу үшін бизнес пен азаматтық қорғау өкілдерінің арасында түсіністік болуы шарт.

 

«Кәсіпкерлер өрт қауіпсіздігі жөніндегі инженерлерді жаудай көреді. Біз жазалайтын орган өкілдері емеспіз. Мақсатымыз – түсіндіру жүргізіп, ескерту айту ғана. Қазіргі уақытта Алматыдағы хостел өрті, ірі базарлардың жанып кетуінен соң тексеріс жұмыстары күшейтілді. Бүгінде біз өрт орын алуы ықтимал ірі нысандардың тізімін жасап, ақпарат жинап жатырмыз. Салалық органдардың келісімінен соң тиісті шараларды қолға аламыз. Жалпы, өрттердің басым бөлігі нысан иелерінің кінәсінен болады. Қарапайым өрт қауіпсіздігі сақталмайды. Мәселен, 60-70 жыл бұрын салынған ғимарат болуы мүмкін. Ал электр құралдары бірде бір рет ауыстырылмауы мүмкін», - дейді аға инженер.

 

Бүгінде өңірде 30-дан астам хостел мен қонақ үй жұмыс істейді. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылы ТЖ қызметкерлері 2025 шақырту түскен. Олардың жартысынан көбі өрт оқиғаларына қатысты.

 

«Төтеше жағдайларды алдын алу мақсатында түсіндіру жұмыстарын күшейттік, әрине. Өкініштісі сол, бизнес субъектілерін тексеруге жарияланған мараторий кезінде бизнесмедер «тексеріс» пен «өрт қауіпсіздігі» сияқты ұғымдарды ұмытып кеткендей. Олар айыппұл салынады деп қорқып жатады. Бірақ, жұмысымыздың мақсаты мүлдем басқа. Қарапайым мысал келтірейін. Жуырда «Best et» дәмханасы өртенді. Қызыл жалын пайда болғанда шұғыл хабарлама жүйесі істемей қалған. Өрт шамамен түнгі бір шамасында болды. Ал біздің пультке хабарлама таңғы төртте келді. Яғни, өрт сөндірушілер келгенше ғимараттың шатыры күлге айналды. Егер дабыл түймесі дер кезінде іске қосылса, бизнесменге келген шығын көлемі айтарлықтай аз болар еді», - дейді Мұхамед Жеңіс.

 

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің айтуынша, жергілікті кәсіпкерлеріне бизнес субъектілерін тексеру алгоритмі туралы жан-жақты ақпарат берілді.

 

«Дәмхана, бөлшек сауда нысандары мен сұлулық салондарының иелерімен кездесу өткіздік. Бизнес объектілері тексеруге мараторийдің күші жойылғаны белгілі. Енді тексеріс жұмыстары басталады. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылады? Механизм қандай болмақ? Бұл сұрақтарға жауап берілді», - дейді ұлттық палата облыстық филиалының баспасөз хатшысы Александр Вервекин.

 

Сарапшылардың пайымдауынша, оқыс оқиғалардың басым бөлігі жылыту кезеңінде тіркеледі. Биыл кезең басталғалы 60-тан астам өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан бес адам бақилық болды. Ал тілсіз жаудан келген шығын көлемі 10 млн. теңгеден асты. Өрт жалмаған нысандардың қатарында жекеменшік баспаналар, бизнес ғимараттары бар.

 

Тексеріс жұмыстары көрсеткендей, өрт көбінесе жылыту құралдарын монтаждау мен пайдалану кезіндегі олқылықтар салдарынан болады. Осы күнге дейін мамандар 111 мыңнан жер үйді тексерген. Нәтижесінде 11 мыңнан астам баспадана пеш жағу барысында өрт қауіпсіздігі талаптары бұзылғаны анықталды.

Айта кетейік, облыс орталығының аумағы сегіз әкімшілік аумаққа бөлінген. Олардың әрқайсысына мемлекеттік инспекторлар бекітілген. Кез келген кәсіпкер мамандарға тікелей хабарласып, кеңес алу мүмкіндігіне ие.

 

Азаматтық қорғаныс мамандары үстіміздегі жылдың жартыжылдығында бизнес субъектілерін тексере бастайды. Соңғы жылы өңірдегі сауда нүктелерінде 20 өрт дерегі тіркелген. Салдарынан 8 млн теңгенің материалдық шығыны келді. Биыл 2000 шаршы метрден асатын дүкен, орталықтарды есепке алынып, тексеріледі.

 

Өңір бойынша өрт қауіпсіздігін бақылау бойынша он мыңнан астам нысан тіркеуде болса, олардың 5%-ын тексеруге жатады.

Өзгелердің жаңалығы