Орталық Азияның тұрақтылық және өркендеу өңірі болып қалуына мүдделіміз – Әшімбаев

12 Мамыр 2022, 19:20
1248
Бөлісу:
Орталық Азияның тұрақтылық және өркендеу өңірі болып қалуына мүдделіміз – Әшімбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев жұмыс сапарымен Түрікменстанға барды. Сенат төрағасы сапар барысында алғаш рет ұйымдастырылған «Орталық Азия-Ресей» парламентаралық форумына қатысты.

Іс-шарада сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев Орталық Азия мемлекеттері мен Ресей арасындағы дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуына орай өтіп жатқан кездесудің маңызы зор екенін атап өтті.

Біздің елдеріміздің мемлекет басшылары түрлі бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға баса мән беріп келеді. Осы жылдар ішінде елдеріміздің Тәуелсіздігін өзара құрметтеуге, тату көршілікке және бір-бірімізді үнемі қолдауға негізделген мемлекетаралық диалогтың озық үлгісі қалыптасты, – деді Сенат төрағасы.

Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев әлемде бұрын-соңды болмаған геосаяси ахуал шиеленісіп тұрған қазігі кезеңде парламентаралық ынтымақтастықтың маңызды екенін айтты. Бұл орайда Қазақстанның ұстанымы өзгеріссіз қалады. Ол қауіпсіздіктің бөлінбейтіндігіне және халықаралық құқық пен БҰҰ Жарғысының қағидаттары негізінде халықаралық проблемаларды бейбіт жолмен шешуден басқа балама жоқ екендігіне табан тірейді. Сондықтан Қазақстан келіссөздер жүргізу процесін ілгерілету жөніндегі кез келген бастаманы қолдайды.

Біз Орталық Азияның бейбітшілік, тұрақтылық және өркендеу өңірі болып қалуына мүдделіміз. Өкінішке қарай, өңірде Ауғанстандағы жағдайға, есірткі трафигіне, шекара маңындағы келеңсіздіктерге, су ресурстарының шектеулігіне және экологияға байланысты бірқатар өзекті проблема мен сын-қатерлер бар. Парламентаралық диалог аясында осы және басқа да мәселелерді талқылап, оларды шешу бойынша ортақ конструктивті тәсілдерді қолға алуға мүмкіндік туады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сенат төрағасы сондай-ақ Форумға қатысушы әріптестеріне Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалар туралы кеңінен айтып берді.

Қазақстанда қолға алынған конституциялық реформа мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен ашықтығын арттыруға арналған. Осыған орай Конституцияның үштен біріне түзетулер енгізу және жыл соңына дейін 20-дан астам заң қабылдау көзделіп отыр. Ал алдағы референдум әрбір азаматқа конституциялық реформаға тікелей қатысуға мүмкіндік беріп, демократияландыру жолындағы бағдарымызды нығайта түседі, – деді Сенат төрағасы.

Өзгелердің жаңалығы