Алматының туристік әлеуетін арттыру және гастро-қала ретінде әлемге таныту мақсатында арнайы гастро-гид іске қосылмақ, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аталған қызмет қаланы гастрономиялық астана ретінде дамытуда маңызды қадам болады. Бұл туралы бүгін Ұлттық баспасөз клубында өткен брифингте Алматы қаласы Туризм бюросының PR-менеджері Жанар Нұрлыбек айтты.
Алматы бүгінде сан түрлі ұлттың ұлттық дәмін ұсынатын, мыңдаған тамақтану орындары бар, тау бөктеріндегі жайлы әрі туристерге қолайлы қалаға айналған. Дегенмен туристік әлеуетті әлі де дамыту түсу күн тәртібінде тұрған мәселе. Ендігі кезекте қаланы Орталық Азияның гастрономиялық астанасы ретінде әлемге ұсыну міндеті тұр. Жанар Нұрлыбектің айтуынша, бұл міндетке сәтті қол жеткізу үшін бірқатар шаралар атқарылуда, соның бірі – гастро-гид. Аталған жоба қала мәдениетінің ажырамас бөлігіне айналған гастрономияны одан әрі дамыта түсіп, Алматыға келетін туристер санын арттыруға зор үлес қосады деп жоспарланып отыр.
Бұл гид қала ішін аралау кезінде туристерге көмек болатын дайын гастросценарийлер ұсынады. Сонымен бірге әр адамның талғамына сай алуан түрлі мекемелерді көрсетеді. Жергілікті халықтың дәмінен ауыз тиюге мүмкіндік беретін орындарға, өз еліне алып кетуге болатын гастро-кәдесыйларға да көңіл бөлінді. Мәселен "Қазақстан" шоколады, шоколадты женттер, құрттар және т.б. Гидте Out of Box айдары бар, онда туристер жақсы көңіл-күй және ерекше әсер сыйлайтын кешкі ас идеялары қамтылған. Осылайша гастро-гид қаланы жергілікті халықтың ұлттық тағамдары, тамақтану дәстүрлері арқылы зерттегісі келетін туристер үшін де, отандастар үшін де таптырмас құрал болады деп сенеміз. Бұл жоба жуық арада іске асады деп жоспарлап отырмыз. Қазір осыған күш салудамыз. Себебі жылдан жылға тамақтану дәстүрлерін әлемге таныту арқылы туристерді тарту кейстері артып келеді, - деді Жанар Нұрлыбек.
Сондай-ақ брифингте елімізде соңғы 5 жылда "неокөшпенділер асханасы" да қарқынды түрде дамып, көшпенділердің ұлттық тағамдарына негізделген жаңа мейрамханалар мен тамақтану орындарының арта түсу тенденциясы сөз болды. Жанар Нұрлыбектің сөзінше, қазіргі таңда көптеген әлемге танымал бас аспаздар көшпенділердің ұлттық тағамдарының жасалу жолына қызығып, тәжірибе алмасуға ниетті. Туристер де мұндай тамақтану орындарына көптеп келуде, дейді спикерлер.
Біздің ұлттық тағамдарда ерекше өзіне ғана тән дәм бар. Қонақтардың әрқайсысы өзіне ұнайтын тағамдарды тауып жатады. Мәселен, жылқы етінен жасалған тар-тарды италиялықтар сүйіп жейді, ми сүйектерін де көп сұрайды, себебі бұл италиялық "оссобуко" тағамына қатты ұқсайды. Шай демдеу дәстүрлері, - дейді ол.
Алматының гастрономиялық әлеуетін арттыру мақсатында жүзеге асырылған Almaty Crossroads жобасы да еліміздің қонақжайлылығын көрсеткен сәтті жоба болған. Жобаға әлемге әйгілі бас аспаздар, Michelin жұлдыздарының иегерлері, The World's 50 Best Restaurants, Condé Nast Traveler сынды халықаралық басылымдардың мамандар қатысқан.
Жоба Алматының гастрономиялық туризм мен инновациялар орталығы ретіндегі беделін арттырды. Жергілікті тағамдарға, асханаға деген қызығушылықты арттырды, отандық мамандарға жаңа гастрономиялық жобалар ашуға ой салды. Мұның барлығы Алматыдағы туристік әлеуетті арттыруға бағытталған шаралар. Мәселен, италиялық танымал RAI 1 телеарнасынан бір ғасырлық тарихы бар Көк базардан тікелей эфир жүргізіліп, Алматыдағы сауда дәстүрі мен қонақжайлылықтың символы ретінде Италия халқына таныстырылды, - дейді Нұрлыбек.
Бұл ретте Алматыдағы шарапханалар мен мейрамханалардың халықаралық деңгейде беделі бар Star Wine List жолнұсқасына енуі де Алматыдағы туристік индустрия үшін маңызды оқиға екенін атап өту керек. Гид картасына қаладағы сегіз бар мен мейрамхана, Астанадағы бір мекеме көрсетілген. Бұл Алматыны шарап мәдениеті дамыған қала ретінде әлем халқына таныстыруға мүмкіндік береді.
Туризм бюросы өкілі журналистерге Almaty Tourism Bureau серіктестерімен бірлесе отырып, бар индустриясының жоғары деңгейін көрсету мақсатында 2ГИС платформасында арнайы топтама жариялағанын да хабарлады. Бұнда қала қонақтары мен тұрғындарына арналған ақпараттық карта мегаполистегі ең үздік барлар мен мейрамханалар топтастырылған. Бұл бағытты дамыту, сонымен бірге, қызықты әрі танымдық шеберлік сыныптары өткізілген. Бұл шеберлік сыныптары әлеуметтік желіде 600 мыңнан астам қаралым жинап, елдің бар индустрияға деген қызығушылығы бар екенін көрсеткен.
Атап өтсек, қазіргі таңда Алматыда 2 мыңнан астан қоғамдық тамақтану орны бар. Бұл Қазақстандағы осы саладағы барлық мекемелердің айтарлықтай үлесіне тең. Соңғы жылдары қолжетімді асханалар, кішігірім кафелер көбейе түскен. 2021 жылы бұл қызметтерден бюджетке салық түсімдері 1,8 млрд теңге болса, бұл сома 2024 жылғы бірінші жартыжылдықта 12,7 млрд теңгеге жеткен. Бұл пандемиядан кейін елдегі тамақтану индустриясының қарқынды дамуының көрсеткіші,- дейді спикер.