Орталық Азияға салынған 70 пайыз инвестиция Қазақстанға тиесілі – Смайылов

17 Қараша 2023, 16:01
447
Бөлісу:
Орталық Азияға салынған 70 пайыз инвестиция Қазақстанға тиесілі – Смайылов
Фото: Үкімет баспасөз қызметі

Жаһандық сын-қатерлерге қарамастан, Қазақстан экономикасы тұрақты өсіп жатыр. Бұл туралы KGIR-2023 шарасында Үкімет басшысы Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы жылдың 10 айында еліміздің Жалпы ішкі өнімнің өсімі – 4,9%. Барлық негізгі салаларда оң динамика тіркеліп отыр. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 12,6%-ке өсіп, 13,3 трлн теңгеге жетті. Өңірлік деңгейде қарайтын болсақ, Қазақстанға Орталық Азия аймағындағы шетелдік инвестициялардың 70%-і тиесілі, – деді Әлихан Смайылов. 

Оның мәлімдеуінше, өткен жылы тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 18%-ке өсіп, 28 млрд долларға жетті.

Биыл 6 айда ұлттық экономикаға тағы 14 млрд долларға жуық тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. Еліміздің тәуелсіз кредиттік рейтингісінің тұрақтылығын Fitch, S&P және Moody's халықаралық агенттіктері растап отыр.

Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында жаңа экономикалық модельге көшу қажеттігін жариялады.
Үкімет алдына 2029-шы жылға қарай экономика көлемін 450 млрд долларға дейін, яғни 2 есеге арттыру бойынша ауқымды міндет қойылды, – деді Премьер-министр.

Өзгелердің жаңалығы