«Орталық Азия – Үлкен жетілік» форматында бірінші министрлік кездесу өтті

10 Қараша 2023, 04:28
879
Бөлісу:
«Орталық Азия – Үлкен жетілік» форматында бірінші министрлік кездесу өтті
Фото: gov.kz

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко онлайн режимінде Орталық Азия және «Үлкен жетілік» елдері министрлерінің бірінші отырысына қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кездесуде өңірлік қауіпсіздік, экономика, көлік, энергетика және инвестиция, жаһандық жылынумен күресу және экология, су ресурстарын басқару, сондай-ақ туризм салаларындағы ынтымақтастықтың перспективалары талқыланды.

ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары өз сөзінде сауда байланыстарын кеңейту, «Үлкен жетілік» елдері экономикаларының өңірге қатысуын арттыру, сонымен қатар Еуропа мен Азияның негізгі өнеркәсіп орталықтарын байланыстыру үшін Транскаспий халықаралық көлік бағытының әлеуетін дамыту маңыздылығын атап өтті.

Сондай-ақ Р. Василенко Қазақстанның жаһандық заманауи және өңірлік сын-қатерлерге қарсы тұру, атап айтқанда, климаттық төтенше жағдайды, азық-түлік дағдарысын, су ресурстары мәселелерін шешу және Аралды құтқару бойынша бірлескен шараларды шешуге бағытталған ұстанымын жеткізді. Қазақстанның 2030 жылға қарай парниктік газдар шығарындыларын 15%-ға қысқарту және 2060 жылға қарай көміртегі бейтараптығына қол жеткізу жоспарларымен бөлісті. Сонымен қатар, қазақстандық дипломат сұхбаттастарын Алматыда БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстан үшін орнықты дамудың өңірлік орталығын құру және 2026 жылы БҰҰ аясында Қазақстанда өтетін аймақтық климаттық саммитке қатысу бастамасын қолдауға шақырды.

Орталық Азия елдерінің өкілдері өз сөздерінде өңірімізді дамытудың басым бағыттары бойынша өзара іс-қимылды арттырудың маңыздылығына тоқталды. Олар осы форматтағы диалогты одан әрі дамытуға дайын екендіктерін білдірді.

Өз кезегінде «Үлкен жетілік» СІМ басшылары және ЕО-ның Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі – Еуропалық комиссияның Вице-президенті Жозеп Боррелл БҰҰ Жарғысына сәйкес Орталық Азия елдерінің егемендігі, тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтауды жақтайтынын растады. Олар осы форматтың жекелеген мүшелерінің Орталық Азия мемлекеттерімен екіжақты және көпжақты арналар арқылы белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтті.

Бұл ретте қауіпсіздік, инфрақұрылым, сауда және экономика салаларындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту мен тереңдетуге ниет білдірді. Атап айтқанда, 2027 жылға дейін әлемдегі инфрақұрылымдық жобалар үшін 600 млрд АҚШ долларын тартуды көздейтін «Үлкен жетілік» елдерінің ауқымды бастамасы – Жаһандық инфрақұрылым және инвестициялар бойынша серіктестігі (PGII) аясында өңірлік жобаларды дамыту үшін өзара байланысты жақсартуға қызығушылығын білдірді.

Делегаттар геосаяси турбуленттік ахуалдың өңірде орналасқан елдерге әсері, оның ішінде жаһандық тұрақсыздық пен жеткізілім тізбегінің бұзылуымен байланысты сын-қатерлер туралы жан-жақты пікірлермен алмасты.

Өзгелердің жаңалығы