Орталық Азияның өзара саудасы 5 жылда екі есе өсті: Қазақстан көш бастап тұр

Сарапшылардың пікірінше, өзара сауданың өсуіне бірнеше фактор ықпал еткен.

 ©BAQ.KZ коллажы Бүгiн 2026, 20:22
Бүгiн 2026, 20:22
137
Фото: ©BAQ.KZ коллажы

2025 жылы Орталық Азия елдерінің өзара сауда көлемі 12,3 млрд долларға жетіп, 2020 жылмен салыстырғанда шамамен екі есе артты. Бұл туралы сарапшылардың есебінде айтылды.

Аймақтағы өзара саудада Қазақстан көш бастап тұр. Елдің үлесіне өңір ішіндегі тауар жеткізілімдерінің 54 пайызы немесе 6,6 млрд доллар тиесілі. Қазақстан үшін негізгі өткізу нарығы - Өзбекстан. Ал ең жоғары өсім Қырғызстан бағытында тіркелген: жеткізілім көлемі шамамен үш есе өсіп, 1,7 млрд долларға жеткен.

Қазақстан экспорттайтын негізгі тауарлар қатарында астық өнімдері (18%), қара металлдар (13%), мұнай және мұнай өнімдері (8%), күнбағыс майы (7%) мен сусындар (3%) бар.

Өзара сауда көлемі бойынша екінші орында Өзбекстан тұр. Оның үлесі - 26% немесе 3,2 млрд доллар. Бұл елдің Қазақстанға жеткізілімдері 2,1 есе өскен.

Өзбекстан экспорттайтын негізгі өнімдер: көлік құралдары мен олардың бөлшектері (14%), көкөніс пен жеміс-жидек (11%), пластик бұйымдары (5%), тыңайтқыштар (4%) және киім-кешек (3%).

Түрікменстан да өңірішілік саудадағы белсенділігін арттырған. Елдің жеткізілім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,3 млрд долларға жетті. Осылайша Түрікменстанның аймақтық саудадағы үлесі 11%-ға дейін көбейген. Ел тауарларының шамамен 80%-ы көршілес Өзбекстанға жөнелтіледі.

Түрікменстан экспортының негізгі бөлігін табиғи газ (70%) бен электр энергиясы (8%).

Қырғызстан басқа Орталық Азия елдеріне 0,9 млрд доллар көлемінде өнім экспорттаған. Бұл - өңірлік экспорттың 7 пайызы. Өзбекстанға жеткізілім көлемі 2,7 есе өсіп, 0,4 млрд долларға жеткен.

Қырғызстан экспортындағы басты тауарлар: өңделмеген бағалы металдар (37%), көмір (11%), пластмасса бұйымдары (9%) және сүт өнімдері (4%).

Ал Тәжікстан өңірішілік экспорттың 3 пайызын қамтамасыз етеді. Бұл шамамен 0,4 млрд долларға тең. Елдің негізгі экспорттық өнімдері - мырыш кені (24%), қорғасын кені (22%), мыс (5%) және электр энергиясы (4%).

Сауда өсіміне не әсер етті?

Сарапшылардың пікірінше, өзара сауданың өсуіне бірнеше фактор ықпал еткен. Біріншіден, бұған дейін өңірішілік сауданың деңгейі өте төмен болды - ол Орталық Азияның әлем елдерімен жалпы тауар айналымының 5 пайызынан аспаған.

Екіншіден, Орталық Азия елдері арасындағы екіжақты экономикалық ынтымақтастық күшейіп, сауда рәсімдерін жеңілдету шаралары қолға алынған. Бұл Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) сауда рәсімдерін жеңілдету индексінің өсуінен де байқалады.

Сарапшылар Орталық Азия біртіндеп ішкі экономикалық байланыстары нығайған дербес өңірлік нарық ретінде қалыптасып келе жатқанын айтады. Олардың есептеуінше, кедергілерді азайту, көлік байланысын күшейту және өндірістік кооперацияны тереңдету арқылы өңірішілік сауда айналымын айтарлықтай ұлғайтуға болады.

Сондай-ақ Еуразиялық даму банкі сарапшыларының БҰҰ Сауда және даму конференциясы мен ДСҰ деректеріне сүйенген есебіне сәйкес, 2029 жылға қарай Орталық Азиядағы өңірішілік сауда әлеуеті тағы 4 млрд долларға артуы мүмкін. Бұл қазіргі сауда көлемінің шамамен үштен біріне тең.

Наверх