Алматы, BAQ.KZ. Оныншы рет өткелі отырған Орталық Азиядағы аймақтық сауда мен байланысты дамытуға ықпал ететін халықаралық іс-шара 2020 жылғы 16-20 қараша аралығында өтеді.
«Орталық Азия – өсу және өркендеу» тақырыбымен өтетін биылғы форум COVID-19 індетінен кейінгі экономиканы қалпына келтіру кезіндегі Орталық Азиядағы нарықтың жаңа үрдістері мен реакцияларын зерттеуге арналады. Бес күндік іс-шара жаһандық және жергілікті сарапшылар мен инноваторлардың басын біріктіріп, бірнеше онлайн платформаларда, соның ішінде Zoom, Facebook Live және YouTube арқылы өткізіледі.
Форум қатысушылары онлайн-сессияларға, негізгі баяндамалар мен семинарларға қосылып, COVID-19 індетінің аймақтық жеткізу тізбегіне әсері жайлы, Орталық Азиядағы туризмді қалпына келтіру, аймақтық энергетика нарығын дамыту, аймақтық мәселелер мен электронды сауда мүмкіндіктері жайлы, мемлекеттік және жеке секторлар арасында байланыс құру, аймақтағы кәсіпкер әйелдердің тәжірибесі және тағы басқа өзекті тақырыптар бойынша пікірталастарға қатыса алады.
Сонымен қатар, форум кезінде Қазақстанның, Қырғыз Республикасының, Тәжікстанның, Түрікменстанның және Өзбекстанның 20-дан астам көкөніс пен жеміс өнімдерін өндіруші компаниялар аймақтағы және одан тыс жерлердегі серіктестермен «Мир торговли» (World of Trade) виртуалды ритейл форум шеңберінде іскерлік келіссөздер жүргізеді [www.eximexpo.kz].
Соңғы онжылдықта Орталық Азия сауда форумы әлемнің 30 елінен келген 5000-ға жуық мемлекеттік және жеке меншік сектор өкілдерін біріктіру арқылы жаңа үрдістермен танысу, идеялармен алмасу, байланыстарды дамыту және бизнес жүргізу мүмкіндіктерін ыңғайтты. Мәселен, соңғы онжылдықта Орталық Азия елдері арасындағы тауар айналымы екі есе ұлғайды және жылына шамамен 6 миллиард АҚШ долларын құрады.