Наньнин, ҚХР, BAQ.KZ тілшісі. Бүгінде Орталық Азия елдерінде Конфуций институты жұмыс істейді және Қытайдың бірнеше қаласында Орталық Азия елдерінің тілін үйрену курсы ашылды. Сонымен қатар, 30 мыңнан астам қытайлық Орталық Азия мемлекеттерінде білім алып жатыр.
Бұл туралы "Қытай-Орталық Азия ынтымақтастығы" VII форумында Бүкілқытайлық әйелдер федерациясының төрағасы Шэнь Юэюэ айтты.
"Қытай мен Орталық Азияның 5 елімен стратегиялық серіктестік құрды... Осы елдермен шекара аумағы 3 мың шақырымды құрайды. Қытай мен Орталық Азия елдері арасында сауда айналымы қарқынды дамып келеді. Былтыр Қытай мен Орта Азия елдері арасындағы сауда айналымы 41,7 млрд долларды құрап, 15,9%-ға өсті. Осы жылдың қаңтар-маусым аралығында сауда айналымы 24 млрд 693 млн доллар болып, 9,6% ұлғайды. Трансшекаралық сауда айналымының төлемі 4,2 млрд юань болды. Қазақстан мен Қытай арасында жалпы сомасы 27 млрд доллар болатын 55 жобаны іске асыру қолға алынды... Қазір Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы Еуропаға тауар жеткізіледі. Бұдан бөлек, Қытай мен Орталық Азия елдері арасында терроризммен күрес, есірткімен күрес саласындағы жұмысымыз жалғасып келеді... Орталық Азияда білім алып жатқан қытайлықтардың саны 30 мыңнан асты", - деді Шэнь Юэюэ.
Сонымен қатар, форум барысында Гуанси-Чжуан автономиялық ауданы парткомының хатшысы Лу Синьшэ Солтүстік бұғазда халықаралық сауда логистикалық дәлізіне айналатын үлкен теңіз порты ашылатынын мәлімдеді.
"Биылғы форумда тауарлар көрмесі өтті, "Бэйдоу" спутник навигация жүйесі таныстырылады және Наньнин декларациясы қабылданады. Ол Қытай, Орталық Азия, Оңтүстік Кавказ, ASEAN елдері арасындағы ынтымақтастықты, байланысты одан әрі нығайтады... Гуанси - бұрынғы Теңіз жібек жолының бастау порты болды. Біз өзіміздің географиялық орналасу потенциалымызды тиімді қолданамыз. Барлық бағыт бойынша ашықтық саясатын қолдау мақсатында Солтүстік бұғазда халықаралық порт құрып, солтүстік және оңтүстік бағыттарды қосатын ең қысқа транспорттық коридор ашамыз. Бұл үлкен халықаралық сауда порт болмақ", - деді Лу Синьшэ.
Айта кетсек, бұған дейін форумға Қазақстан делегаты ретінде барған ҚР Тұңғыш президенті - Елбасы қоры жанындағы Экономика және саясат институтының Қытай жобасында бөлім меңгеруші Руслан Изимов Қытай Орталық Азия елдерінде "Бэйдоу" спутник навигация жүйесін енгізуді ұсынып отырғанын айтқан болатын.
Кеше форумның алғашқы күні аясында Наньнинге экспортталатын қазақстандық тауарлар көрмеге қойылды.