Қоршаған ортаны жақсарту үшін ұлттық деңгейде шаралар қажет – министр

24 Желтоқсан 2019, 10:23
5698
Бөлісу:
Қоршаған ортаны жақсарту үшін ұлттық деңгейде шаралар қажет – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев сейсенбідегі Үкімет отырысында Экологиялық кодексті талқылау барысында екі мыңнан астам ұсыныс түскенін айтты. 

Республиканың қоршаған ортасын жақсарту үшін ұлттық деңгейде шаралар қажет. Осыған байланысты Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық кодекс пен оған ілеспе заңның жобаларын әзірледі. Экологиялық кодекстің жобасы – экологиялық реттеудегі Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының тәжірибесі ескеріле отырып әзірленген жаңа құжат. Кодексті әзірлеу кезеңінде, оны өңірлерде жұртшылықпен және бизнес-қауымдастықпен кеңінен талқылау жүргізілді. Осы талқылау барысында жұртшылықтан екі мыңнан астам ұсыныс түсті. Соның біразы Кодекске енді, - деді министр.

Экологиялық кодекс 7 негізгі принциптен тұрады: "Ластаушы төлейді және түзетеді"; қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері; ең озық қолжетімді технологияларды ендіру мен экономикалық ынталандыру шаралары; бюджетке эмиссия үшін түсетін төлемдер экологиялық шараларға бағыттау; шығарындылар мониторингінің автоматтандырылған жүйесін құру; экологиялық бақылауды күшейту; өндіріс және тұтыну қалдықтарын басқаруды жетілдіру.

Үкімет мүшелері Кодекс жобасын қабылдап, Премьер-министр Асқар Мамин министрлікке Парламентке жолдауды тапсырды.

Өзгелердің жаңалығы