Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері "Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру" жобасы аясында үш айлық оқуды аяқтады.
Іс-шараның үйлестірушісі "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ, ал оқытуды "Эрнст энд Янг Қазақстан" компаниясы жүргізді.
Еліміздің барлық аймақтарынан жұмыспен қамту орталықтарының 1500 қызметкері тренингтерге қатысып, қашықтан оқудан өтті. Дәрістерде жұмыссыздармен жекелей жұмыс істеу әдістері, жұмыссыз азаматтардың тұрақты жұмысқа орналасқанға дейін көмек көрсету мәселелері қарастырылды. Сондай-ақ, жұмыс іздеген азаматтарды кәсіби бағдарлау, кәсіби ақпараттандыру және кеңес беру әдістемелеріне ерекше назар аударылды.
Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлері жұмыс берушілермен тығыз ынтымақтастықты орнату және қолдау тетіктерін, бос жұмыс орындарының бейінін қалыптастыру және үміткердің жұмыс берушінің талаптарына сәйкестігін бағалау әдістерін зерделеді.
Жұмыспен қамту орталықтары еңбек нарығындағы жағдай борйынша және өңірлерде еңбек ресурстарын бөлуге қатысты ақпарат көзі болуға тиіс. Осы мақсатта семинарларда еңбек нарығын қысқа мерзімді болжау және мониторинг жасау әдістері мен алгоритмдері кеңінен оқытылды.
Жұмыспен қамту қызметін реформалау аясында қазіргі заманғы жұмыс әдістерін тиімді қолдану үшін басшыдан бастап, қатардағы менеджерлерге "жаңа білім мен дағды" қажет. Қызметкерлерді кәсіби даярлау мен бағдарлау қажеттілігі әсіресе қазір өзгермелі еңбек нарығы жағдайында өсті, - деп атап өтті "Еңбек ресурстарын дамыту орталығы" АҚ Жұмыспен қамту қызметін дамыту департаментінің директоры Ирина Рубашина.
Жұмыспен қамту орталықтарының басшылары да қашықтан оқыту форматында орталықтағы өзгерістерді тиімді басқару және түрлі қиындықтардан шығу жолдарын табуға көмектесетін түрлі технологиялар мен құралдарды оқыды. Ал, орталықтардың қызметкерлері дербес іздеу, бағалау, іріктеу, жоғарлату және қайта даярлау әдістерін зерттеді.
Жұмыспен қамту орталықтарының қызметкерлерін даярлау тұрақты негізде жүргізілуі тиіс, сондықтан оқытудың кешенді жүйесін әзірлеу қажет. Оқыту кәсіби және жеке дағдыларды дамытуға бағытталып, әртүрлі форматтарда жүргізілуі тиіс. Осындай форматтардың бірі - Жұмыспен қамту орталығы базасында ішкі оқытуларды жүргізу, - деді Ирина Рубашина.
Жоба аясында ішкі оқытушыларды даярлау үшін әр облыстан жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері іріктеліп алынды. Болашақ жаттықтырушылар тренингтерді өткізу жоспарлары мен әдістерін, тыңдаушылар үшін тәжірибелік тапсырмаларды және презентацияларды дайындау, тренингтерге қатысушыларды оқыту үдерісіне белсенді тарту үшін жағдай жасау туралы және т.б. базалық білім алды.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдары халықты жұмыспен қамту орталықтары қызметінің "жаңа моделін" кезең-кезеңмен енгізуді жоспарлап отыр. Жақын болашақта аталмыш орталықтар - жұмыспен қамту тәуекелдеріне қатысты жедел және белсенді әрекет ететін, азаматтардың кәсіби әлеуетін іске асыруға жәрдемдесетін және жұмыс берушілердің кадр ресурстарына қажеттілігін қанағаттандыратын заманауи орталықтар болады.
Еске салсақ, "Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру" жобасын ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Дүниежүзілік банк жүзеге асырады.