Орта дәлізде жүк тасымалы қалай жылдамдайды? Түркия өз ұсынысын айтты

15 Қазан 2026, 12:48
АВТОР
 Көлік министрлігінің баспасөз қызметі 15 Қазан 2026, 12:48
15 Қазан 2026, 12:48
71
Фото: Көлік министрлігінің баспасөз қызметі

Түркия көлік саласында жасанды интеллектіні енгізіп, халықаралық жүк тасымалын цифрландыру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Елдің көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу Орта дәліз бойындағы мемлекеттердің ақпараттық жүйелерін ортақ стандарттар негізінде біріктіріп, бірыңғай цифрлық логистикалық қызмет қалыптастыру қажет екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Түркия Республикасының көлік және инфрақұрылым министрі Абдулкадир Уралоглу VIII халықаралық «NEW SILK WAY» бизнес-форумында мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Түркия халықаралық автомобиль тасымалында электрондық рұқсат құжаттарын қолдану тәжірибесін кеңейтіп жатыр. Өзбекстанмен басталған электрондық транзиттік рұқсат жүйесі басқа елдерге де енгізілуде. Қазақстанмен ынтымақтастық аясында да тасымалдаушыларға электрондық транзиттік рұқсат құжаттары қолжетімді болды.

Сонымен қатар биыл Еуропа көлік министрлері конференциясының көпжақты тасымалдарға арналған рұқсат құжаттарын толық цифрлық жүйеге көшіру көзделген. Бұл құжаттарға қол жеткізуді жеңілдетіп, әкімшілік рәсімдерді жылдам әрі ашық жүргізуге мүмкіндік береді.

Түркия теңіз көлігінде порттарды басқару ақпараттық жүйесін «Бір терезе» жүйесімен біріктірген. Соның нәтижесінде кемелердің портқа келуі мен одан шығуы электрондық форматта басқарылады. Ал авиация саласында елдің 35 әуежайында отандық электрондық ұшу жолағы жүйесі мен цифрлық рұқсат беру инфрақұрылымы қолданылып отыр.

Жасанды интеллект көлік қауіпсіздігін арттыруға көмектеседі

Абдулкадир Уралоглу жасанды интеллектінің көлік саласындағы негізгі артықшылығы ықтимал тәуекелдерді ерте анықтап, қызметтің үзіліссіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету екенін атап өтті.

Түркия мемлекеттік теміржолдары (TCDD) мен TÜBİTAK ғылыми-зерттеу ұйымының бірлескен жобасы аясында автоматтандырылған пойыз тексеру станцияларында қозғалыстағы құрамның маңызды бөлшектері сенсорлар мен жасанды интеллект негізіндегі кескіндерді өңдеу технологиялары арқылы тексеріледі. Бұл ақау белгілерін ерте анықтап, техникалық қызмет көрсетуді уақытында жүргізуге мүмкіндік береді.

Автомобиль жолдарында да зияткерлік көлік жүйелері сынақтан өткізіліп жатыр. Ыстамбұлда ұзындығы шамамен 40 шақырым болатын пилоттық дәліз құрылып, онда көлік құралдары мен жол инфрақұрылымы арасында деректер алмасуды қамтамасыз ететін жүйелер әртүрлі қозғалыс сценарийлері мен ауа райы жағдайларында тексерілуде.

Жобаның мақсаты – жол-көлік оқиғалары, жолда тоқтап қалған көліктер немесе көктайғақ сияқты қауіптерді ерте анықтап, жүргізушілерге жедел хабарлау. Министрдің сөзінше, мұндай шешімдер жол қозғалысының қауіпсіздігін арттырып, қолданыстағы инфрақұрылымды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Түркия цифрлық трансформацияны қолдау үшін байланыс және деректерді өңдеу инфрақұрылымын да дамытып жатыр. Елде 5G технологиясын кеңінен енгізу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ жасанды интеллект пен бұлтты қызметтердің мүмкіндіктерін кеңейту үшін Türksat деректер орталығының құрылысы басталған.

Орта дәлізге бірыңғай цифрлық жүйе қажет

Форумда журналистердің бірі Орта дәліз бойындағы жүк тасымалының жылдамдығын арттыру үшін оған қатысушы елдердің ақпараттық жүйелерін қалай біріктіру керектігін сұрады. Оның пікірінше, мұндай интеграция тасымалды бірыңғай логистикалық қызмет ретінде ұсынуға мүмкіндік береді.

Абдулкадир Уралоглу елдердің қолданыстағы цифрлық жүйелерін ортақ стандарттар арқылы байланыстыратын модельді қолдайтынын айтты.

Орта дәліздегі цифрлық ынтымақтастық елдеріміздің қолданыстағы жүйелерін ортақ стандарттар негізінде өзара байланыстыратын модель арқылы дамуы керек деп санаймыз. Ол үшін қандай ақпаратты кім және қандай өкілеттік негізінде бөлісетінін бірлесіп айқындау қажет. Көлік және кеден органдарының, сондай-ақ тасымалдаушы компаниялардың жауапкершілігі нақты белгіленуге тиіс. Жеке сектор да қызметті әзірлеу үдерісіне бастапқы кезеңнен қатысуы керек, – деді министр.

Оның мәлімдеуінше, 2026 жылғы маусымда Түркияның бастамасымен Біріккен Ұлттар Ұйымының Еуропалық экономикалық комиссиясы және Экономикалық ынтымақтастық ұйымы аясындағы үйлестіру комитетінің отырысында Ыстамбұл стратегиялық негіздемесі қабылданған. Кездесуде ұлттық цифрлық жүйелердің өзара үйлесімді жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін өңірлік құрылымды дамыту жөнінде келісімге қол жеткізілген.

Бұл жұмыс аясында әртүрлі жүйелердің үйлесімділігін цифрлық егіз технологиясы арқылы сынау да қарастырылған.

Министр Түркияның көлік саласындағы электрондық бақылау жүйесін мысалға келтірді. Уәкілетті компаниялар тасымал туралы ақпаратты өздерінің бағдарламалық жүйелеріне енгізеді, ал мәліметтер автоматты түрде министрліктің ақпараттық жүйесіне жіберіледі. Бұл тәжірибе әртүрлі платформалар арасында ортақ қағидалар негізінде деректер алмасуға болатынын көрсетеді.

Уралоглуның пікірінше, өңірлік цифрлық логистиканы дамыту үшін алдымен нақты бір бағыт таңдалып, сол бағыт бойынша алмасылатын деректер, оларға қол жеткізу құқықтары және мекемелердің міндеттері айқындалуы керек.

Сонымен қатар жаңа жүйелердің тиімділігі тасымал рәсімдерінің ұзақтығын қысқарту және бір ақпаратты қайта-қайта енгізу қажеттілігін азайту сияқты ортақ көрсеткіштер арқылы бағалануға тиіс. Жүйелерге техникалық қолдау көрсету мен оларды пайдалану тәртібі де алдын ала жоспарлануы қажет.

Түркия осы модельді өңірдегі серіктестерімен және мүдделі тараптармен бірлесіп дамытуға дайын. Біздің мақсатымыз – бүкіл көлік дәлізі бойында сенімді жұмыс істейтін ортақ цифрлық қызмет қалыптастыру, – деді министр.

Наверх