Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы министрлерін аймақтық азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға және тығыз ынтымақтастыққа шақырды.
Орталық Азия елдері ауыл шаруашылығы министрлерінің "COVID-19" пандемиясы жағдайында азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту: озық тәжірибе алмасу және жауапты іс-әрекеттерді үйлестіру" тақырыбында бейнеконференция режимінде кеңесі өтті. Аталған іс-шарада Орталық Азия елдерінің аграрлық ведомстволарының басшылары (Қырғызстан, Тәжікстан, Түркменстан, Өзбекстан), Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымы (ФАО) Бас директорының орынбасары, Дүниежүзілік Банкінің, Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ), Еуропа Қайта құру және даму банкінің (ЕҚДБ), Ислам Даму Банкінің (ИДБ), Халықаралық Ауыл шаруашылығы Даму Қорының (ИФАД) өкілдері қатысты - делінген АШМ баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Отырыс барысында Министрлер пандемия салдарын еңсеру бойынша қабылданып жатқан шаралар, іс-қимылдар мен жоспарлар туралы ақпаратпен алмасты. Диалог "COVID-19" пандемиясы кезінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған әңгімеде өрбіді.
ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров Орталық Азия елдерінің ауыл шаруашылығы саласында әлеуеті зор екенін атап өтті.
Бұл тиісті даму және тығыз ынтымақтастықпен жұмыс істеу кезінде азияаралық азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ ішкі және сыртқы сын-қатерлер мен қиындықтарға уақтылы ұжымдық жауап беруге мүмкіндік береді - деді ол.
Тараптар осы форматтағы мерзімді ақпарат алмасу, болашақта азық-түлік қауіпсіздігі және ауыл шаруашылығын дамыту бағытында, пандемия салдарын жеңілдету мақсатында Орталық Азия елдері арасындағы уақтылы және тиімді ынтымақтастыққа ықпал ететінін қолдады. Алдағы уақытта қажет болған жағдайда елдер арасында өзекті мәселелер бойынша жедел шешімдер қабылдауға, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру бойынша жеке бастамаларды ынталандыруға келісті.