Павлодар облысында орман және далалық жерлерде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамаған 62 жеке және лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға 1 млн 104 мың теңге көлемінде айыппұл салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Шаймарденовтің айтуынша, өрт қауіпсіздігі кезеңі басталғалы 28 орман және 20 дала өрті тіркелді. Қызыл жалын жалмаған аумақ 800 гектарға жуықтады.
Дала өрттерінің саяжай, Ертіс өзені мен елді мекендердің аумақтарына өтуі алаңдатарлық жағдай. Өртті алдын алу үшін жергілікті атқарушы билік пен саяжай шаруашылықтары тиісті шараларды қолға алулары тиіс. Мәселен, соңғы екі аптада саяжайларда бес өрт тіркеліп, 61 гектар жанып кетті. 439 саяжай учаскесіне зақым келді. Олардың ішіндегі 158 саяжай үйшігі қолданыстағы нысандар болып шықты, - дейді Қайрат Шаймарденов.
Ірі өрт «Металлург» шаруашылығында тіркелді. Тілсіз жау 18 көшеге таралып, 300-ге жуық учаскеге зиян келтірді. Мамандардың айтуынша, оқыс оқиғаның туындауының негізгі себебі – тұрмыстық қоқыс пен құрғақ шөпті жағу кезінде ережелерді сақтамау. Бұл дерек бойынша кәнілі анықталды. Азаматқа әкімшілік айыппұл салынды.
Өрттерді алдын алу бойынша рейдтік шаралар күшейтілді. Бұған дейін 240 шара ұйымдастырылды. Құрғақ шөпті жағу кезінде саябақ аумақтарында ережені сақтамаған 17 тұрғын жауапкершілікке тартылды. Оларға 310 мың теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, - дейді департамент бастығының орынбасары.
Айта кетейік, қазіргі уақытта өрт сөндіру бекеттерінің желісін кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсересе, құрылым мүлде жоқ елді мекендерге басымдық беріледі. Бүгінде 54 бекет жұмыс істеп тұр.