Өрт қауіпсіздігі – өз қауіпсіздігің!

3 Мамыр 2022, 13:28
3795
Бөлісу:
Өрт қауіпсіздігі – өз қауіпсіздігің!
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Марат Күлдіковке еліміздегі өрт қаупіне қатысты бірнеше сауал қойған едік.

- Марат Мұхаметқалиұлы, қазіргі кезде құрғақ шөптің өрттенуі, дала өрті жиілеп кетті. Өрт қауіпсіздігінің алдын алу бойынша Министрлік қандай жұмыстар жүргізіп жатыр?

- ТЖМ орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тұрақты мониторинг жүргізіп, профилактикалық, рейдтік іс-шаралар жүргізіп отырады. Оның сыртында, халыққа, әсіресе орманды алқапқа жақын шаруа қожалықтарының қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Өрт шығу қауіпі жоғарылайтын мезгіл басталғаннан бері БАҚ арқылы алдын алу, түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды. Сондай-ақ шаруа қожалықтарын аралып, қызметкерлері мен басшыларына өртті болдырмау, сақтану шараларына қатысты нұсқаулықтар берілді. Өрт сөндіру құралдарының бар-жоғы тексеріп, арнайы ескерту парақтары таратылды.

Министрлік жергілікті полиция қызметімен және әкімдіктермен бірлесіп, халықтың орман және дала алқаптарындағы қауіпсіздік талаптарын сақтауы, сондай-ақ ауыл шаруашылығы ұйымдарының өрт қауіпсіздігі қағидаларын орындауы мәселесін ерекше бақылауға алды.

Өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мақсатында (рұқсат етілмеген өртеу, ауыл шаруашылығы алқаптарында құрғақ шөптің бақылаусыз жануы, аңызды жағу және басқа да өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу – мин.) орманды дала алқаптарында мобильді топтар құрылды (өртке қарсы қызмет, полиция, жергілікті атқарушы органдар және орман инспекциясы қызметкерлері ішінен – мин.).

Құрылған мобильдік топтар 900-ден астам бірлескен рейд өткізді, 160-тан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Өрт қауіпсіздігі – өз қауіпсіздігің!

- Ал осы орман және дала өртінің алдын алу үшін қандай шешімдер енгізіліп жатыр? Тиісті жоспар бар ма?

- Министрлік әкімдіктермен және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, алдын алу шараларының кешенін қабылдап жатыр.

- Қандай?

- Мәселен, мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдармен келісілген арнайы ведомствоаралық жоспар (ҚР ҚМ, ІІМ, ИИДМ, БҒМ, ЦДИАӨМ, ҰҚК, ЭМ, ИИДМ және облыс әкімдіктері) бекітілді. Соның негізінде күш пен құралдың аймақтық топтары анықталды.

Барлығы жоспарға сәйкес. Беті аулақ, десе де, жаман айтпай жақсы жоқ, қандай да бір жағдайда, жағдай шиеленіскен кезде ірі өрт аймағына шамамен 39 мың адам, 8 мыңнан астам техника, су ағызатын құрылғылары бар 10 тікұшақ (Қорғаныс министрлігінің 6 әуе кемесін қоса алғанда) және 40-тан астам өрт сөндіру поезы тартуға мүмкіндігіміз бар. Сондай-ақ, аталған өртке қарсы күш тілсіз жаумен күресуі үшін жабдықтармен және мүкәммал қорымен толық қамтамасыз етілген.

- Рас, беті аулақ, десе де оқыстан ірі өрт тұтанған жағдайда жалынмен күресетін жасақ бар ма бізде?

- Неге болмасын, бар ғой. Ірі өрт туындаған жағдайда, кез келген жермен жүру мүмкіндігі жоғары және сыйымдылығы үлкен өрт автоцистерналарымен жарақтанған мемлекеттік өртке қарсы қызметтің жиынтық жасағы құрылды. Бұл жасақ тікелей Төтенше жағдайлар министрлігінің бақылауында.

- Жаңа бір сөзіңізде ведомствоаралық жоспар бекітілгенін айтып қалдыңыз. Өрт қаупімен күрес барысында басқа қандай мекемелермен келісім бар?

- Иә, құрылымдық министрліктерден бөлек бірнеше мекемемен өрт қаупіне қарсы келісімге келдік. Мысалы, Ғарыштық мониторингті қамтамасыз ету мақсатында "Қазақстан Ғарыш Сапары"АҚ-мен осындай қызметтерді алуға шарттар жасалды. Табиғи өртке дер кезінде ден қою мақсатында ел аумағында "Қазавиақұтқару"АҚ-ның 20 әуе борты орналасқан. Шекара маңындағы аумақтардағы өзара іс-қимыл мәселелерін пысықтау үшін Ресей ТЖМ бөлімшелерімен өрт-тактикалық жаттығулар өткізу жоспарланған.

Ал қазіргі таңда ормандардағы, даладағы өрт шығуы мүмкін ошақтарды дер кезінде анықтау үшін тұрақты авиациялық патрульдеу басталды.

Өрт қауіпсіздігі – өз қауіпсіздігің!

- Сіздің айтып отырғаныңыз жекелеген шаруашылықтар, жалпы халықтың өрт қаупін сақтау мәселесі ғой. Ал ұлттық парктердің, табиғи қорықтардың, сондай-ақ балаларды сауықтыру лагерлерінің өртке қарсы жағдайы мен дайындығын тексересіздер ме? Олардың қауіпсіздігі қандай?

- Өткен сәуір айынан бастап ұлттық парктердің, табиғи қорықтардың, сондай-ақ өзіңіз айтып отырған лагерьлердің өртке қарсы жай-күйін және дайындығын тексеру басталды. Мамыр айының соңына дейін ТЖМ өрт инспекциясы аталған тексерулерді аяқтайды.

- Яғни қауіпсіздік шаралары енді басталып жатыр дейсіз ғой. Ал 2021 жылғы және биылғы өрт шығу қаупі жоғары кезең басталғаннан бері қанша өрт тіркелді? Өрттің негізгі себептері қандай?

- 2021 жылы еліміз көлемінде 12256 өрт тіркелді. Олардың материалдық шығыны 9 млрд 336 млн 665 мың теңгеге жетті. Тілсіз жаудан 413 адам қаза тауып, 429 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. 

Өрттің басым бөлігі халықтың отты абайсыз қолдануы салдарынан болды – 3424 жағдай немесе республика бойынша жалпы санының 28%, электр жабдықтарын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу – 4 236 жағдай (34,6%), пешпен жылытуды орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұзу – 1 702 жағдай (14%).

- Өрт шығуына ауа райыныңда әсері бар шығар? Соңғы жылдары кейбір облыстарды құрғақшылық жоғары болып тұр ғой.

- Иә, кейде табиғи жағдайлар да себеп болады. Әсіресе найзағай түсу өрт тұтануының басты себептерінің бірі деуге болады. Ал күннің аса ыстық болуы да кейде өртке әкеп соғады. Қазгидрометтің болжамды деректері бойынша алдағы өрт қауіпті кезеңде орташа температура +30ºС болады. Ал республиканың оңтүстік, шығыс және батыс бөлігінде құрғақшылық пен температураның +40ºС дейін жоғарылауы, жауын-шашын тапшылығы болжанады. Бұл болжам өрт қауіптілігінің деңгейін арттыруға және табиғи өрттің тұтануына ықпал етеді.

Өрт қауіпті кезең басталғаннан бері 67 орман өрті, бір дала өрті және дала алқаптарының 394 жануы тіркелді.

Табиғи өрт пен дала тұтануларының негізгі себебі, тағы қайталап айтамын, халықтың өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзуы, от жағу, орылған жерді жағу, ауыл шаруашылығындағы өртеу жұмыстары.

Өрт қауіпсіздігі – өз қауіпсіздігің!

- Қазіргі кезде көп адам ерікті өрт сөндіруші болудың не екенін білмейді? Ерікті өрт сөндіру құралымдарына кімдер кіре алады? Жалпы ерікті өрт сөндірушілерге түсіндіру жұмыстары, насихат, өрт сөндіру жасақтарына қосы мәселелері қарала ма?

- «Азаматтық қорғау туралы» Заңның 68-бабына сәйкес дала өртінің, сондай-ақ ұйымдар мен елді мекендердегі өрттің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі іс-шараларды жүзеге асыру мақсатында өртке қарсы ерікті құралымдар (ӨҚЕҚ) құрылуы мүмкін.

Олар дала өртін, ұйымдар мен елді мекендердегі өрттің алдын алу және сөндіру жұмыстарына қатыса алады. Одан бөлек өрт сөндіру барысындағы авариялық-құтқару, өрт қауіпсіздігі саласындағы жұмыстарды орындау және қызмет көрсету, халықты өрт қауіпсіздігі шараларына және өрт шыққан кездегі өрт қауіпсіздігі іс-қимылдарына үйрету қатарлы жұмыстарды атқарады.

ӨҚЕҚ-қа ерікті өрт сөндірушілер қатыса алады.

- Оларға қойылатын талап бар ма?

- Әрине, бар. Ерікті өрт сөндірушілерге өздерінің іскерлік және моральдық қасиеттері бойынша алынады. Сонымен қатар, денсаулық жағдайына, өрттің алдын алуға, оны сөндіруге байланысты міндеттерді орындауға қабілетті азаматтар ерікті түрде жеке тәртіппен қабылданады.

Бүгінгі күні республика аумағында өртке қарсы қызметі жоқ елді мекендерде жеке құрамының саны 40 мыңнан асатын, қарамағында 10 мыңнан астам техникасы бар 4 000-нан астам өртке қарсы ерікті құралым құрылған.

- Тілсіз жаумен күресудің басты тетіктерінің бірі – мінсіз техника. Бүгінгі таңда өрт сөндіру техникасының жарақтандырылуы қандай?

- Еліміз бойынша Өрт сөндіру қызметтерінде әртүрлі функционалдық мақсаттағы 3 мыңнан астам техника бар.

ТЖМ аумақтық бөлімшелері автопаркті жаңартуды республикалық және жергілікті бюджеттерден қаражат бөлінуіне қарай кезең-кезеңімен жүргізеді.

Биыл республикалық бюджет есебінен – 175 автотехника және жергілікті бюджет қаражаты есебінен – 98 автотехника сатып аламыз деп отырмыз.

- Сөз соңында табиғи өрттің туындау қаупін төмендету мақсатында қандай талаптар сақтау керектігі туралы айтсаңыз?

- Табиғи өрттің туындау қаупін төмендету мақсатында азаматтардан мынадай өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауды сұраймыз:

- жанып жатқан сіріңке мен темекі тұқылын тастамау;

- орман және дала алқаптарында от жақпау;

- табиғат аясында демалғаннан кейін шыны ыдыстарын өзіңізбен бірге алып кету керек, өйткені күн сәулесі әйнектен өтіп, құрғақ шөпті шоғырландырып, өртеп жіберуі мүмкін;

- жанғыш қоқыстарды шығару және елді мекендердің аумақтарын жинау, құрғақ өсімдіктерден тазарту және минералданған жолақтарды қалпына келтіру бойынша іс-шаралар жүргізу;

- табиғи өрт анықталған жағдайда дереу өртке қарсы қызметке 101, 112 телефондары бойынша хабарлау қажет.

Сонымен қатар рұқсат етілмеген жағу, ауыл шаруашылығы алқаптарындағы құрғақ шөпті бақылаусыз жағу, орылған шөпті жағу және орман және дала алқаптарында өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамау үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336, 367, 410-баптары бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын еске саламыз.

- Әңгімеңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы