Өрт кезінде қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасы жаңа қонысқа ие болды

15 Қараша 2022, 10:42
8552
Бөлісу:
Өрт кезінде қаза тапқан өрт сөндірушінің отбасы жаңа  қонысқа ие болды

Семей қаласындағы танымал «Азия Фирма» ЖШС бас директоры Сәуле Досқожанова қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан өрт сөндіруші, марқұм Айдос Тоғызбаевтың отбасына 3 бөлмелі пәтер берілетіні туралы қыркүйек айында хабарлаған болатын, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Араға 2 ай салып биылғы жылдың 12 қарашасында «Фирма Азия» ЖШС өкілдері мен облыстық мәслихат депутаты Әсемқан Досқожанов Семей қаласының «Қарағайлы» ықшам ауданында орналасқан тұрғын үйлердің бірінен 3 бөлмелі пәтердің кілтін марқұм Айдос Тоғызбаевтың жұбайы мен балаларына табыстап, жаңа қонысымен құттықтады, - деп хабарлайды Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, 7 қыркүйекте Абай облысының Жарма ауданында дала өртін сөндіру кезінде Айдос Тоғызбаевтың денесін қатты күйік шалып, қызметтік борышын атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан болатын. Айдос Тоғызбаев ол кезде 36 жаста еді. Марқұмның артында бес баласы мен жары қалды. 

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Айдос Тоғызбаевтың отбасына ҚР Президентінің атынан ІІІ дәрежелі «Айбын» орденін табыстады.

Өзгелердің жаңалығы