17-18 наурыз күндері Ормуз бұғазындағы шиеленіс әлемдік мұнай нарығына тікелей әсер етіп, бағаның күрт өсуіне әкелді. Осы тақырып аясында BAQ.KZ тілшісі шолу жасады.
Мұнай бағасы 100-ден 150 долларға дейін өсіп жатыр
Соңғы мәліметтерге сәйкес, Иранның әрекеттері салдарынан бұл стратегиялық бағыт арқылы өтетін тасымал айтарлықтай шектеліп, кей учаскелерде іс жүзінде тоқтауға жақындаған. Reuters-тің жазуынша, Ормуз бұғазы арқылы әлем мұнайының шамамен 20%-ы өтеді. Сондықтан мұндағы кез келген тұрақсыздық бірден жаһандық нарыққа әсер етеді.
Осы жағдайдың аясында мұнай бағасы бірнеше күн ішінде $100-дан асып, Brent маркасы шамамен $103 деңгейіне дейін көтерілді. Ал балама бағыттармен жеткізілетін мұнайға сұраныс күрт артқан. Мысалы Ормузды айналып өтетін Оман мұнайының бағасы $150-ға дейін жеткені тіркелді. Бұл тек бағаның өсуі емес, жеткізу жүйесінің бұзылғанын көрсетеді. Яғни мәселе мұнайдың жетіспеуінде емес, оны тұтынушыға жеткізу қиындап кеткенінде болып отыр.
Соңғы күндері жағдайдың тағы бір ерекшелігі байқалды: нарық тұрақсыз күйге өтті. Мәселен, кейбір танкерлер бұғаздан өте бастағаны туралы ақпарат шыққан кезде баға уақытша төмендеген.
Бұл мұнай нарығы қазір экономикалық факторларға емес, геосаяси тәуекелдерге тәуелді екенін көрсетеді. Яғни әрбір әскери немесе саяси жаңалық бағаға тікелей әсер етуде.
Сонымен қатар Иранның шабуылдары тек тасымалға емес, өндірістің өзіне де соққы беріп жатыр. Бірқатар мұнай және газ нысандарына жасалған соққылар экспорт көлемін қысқартып, жағдайды одан әрі ушықтырды.
Қай елдер дағдарысты сезініп, шаралар қабылдауға кірісті?
Еуропа елдері де бұл дағдарыстың салдарын сезіне бастады. Кейбір мемлекеттер жанармай бағасын ұстап тұру үшін салықты төмендету сияқты шұғыл шаралар қабылдауға кірісті. Жалпы алғанда, қазіргі жағдай әлемдік энергетика жүйесіне қысым түсіріп отыр.
Сарапшылар бұл дағдарысты соңғы онжылдықтардағы ең ірі жеткізілім үзілістерінің бірі ретінде бағалауда.
Егер шиеленіс жалғаса берсе, мұнай бағасы одан әрі өсуі мүмкін. Кейбір болжамдарға сәйкес, ұзаққа созылған жағдайда баға $150-200 аралығына дейін жетуі ықтимал.
Бұл - инфляцияның өсуіне, логистика мен өндіріс шығындарының қымбаттауына және жаһандық экономиканың баяулауына алып келуі мүмкін.
Сарапшылардың пікірінше, Ормуздағы жағдай тек аймақтық мәселе емес, бүкіл әлем экономикасына әсер ететін факторға айналып отыр.
Қорытындылай келсек, қазіргі дағдарыс мұнай нарығында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Баға енді тек сұраныс пен ұсынысқа емес, геосаяси тәуекелдерге тәуелді болып отыр.
Ормуз бұғазы іс жүзінде жабылғанына қарамастан, Иран мұнай экспортын тоқтатқан жоқ.
AP News мәліметінше, соғыс басталғалы бері бұл су жолынан шамамен 90 кеме, оның ішінде мұнай танкерлері өткен.
Lloyd’s List Intelligence дерегінше, бұғаз арқылы өткен кемелердің басым бөлігі санкциялар мен бақылаудан жалтаруға тырысатын «көлеңкелі» транзитке жатады. Олардың көпшілігі Иранмен байланысты болуы мүмкін. Соңғы уақытта Үндістан мен Пәкістанға қатысы бар кемелер де келіссөздер нәтижесінде бұғаздан өте бастаған.
Мұнай бағасы барреліне 100 доллардан асқан тұста АҚШ президенті Дональд Трамп одақтастар мен серіктестерге қысым жасап, бұғазды қайта ашу үшін әскери кемелер жіберуге шақырды. Оның мақсаты – мұнай бағасын тұрақтандыру.
Айта кету керек, Ормуз бұғазы арқылы әлем мұнайының шамамен бестен бірі тасымалданады. Алайда соғыс басталғалы бері, яғни наурыз айының басынан бастап, бұл бағыттағы кеме қозғалысы күрт азайды. Осы кезеңде аймақта шамамен 20 кеме шабуылға ұшыраған.
Соған қарамастан, Kpler аналитикалық платформасының бағалауынша, Иран наурыз айының басынан бері 16 млн баррельден астам мұнай экспорттаған. Батыс санкцияларына байланысты Иран мұнайының негізгі сатып алушысы Қытай болып отыр.