Ормуз бұғазындағы кеме қозғалысы күрт азайды

Иран бақылауы күшейген соң бірқатар кемелер бағытын өзгертуге мәжбүр болды.

 istockphoto.com Бүгiн 2026, 16:18
Бүгiн 2026, 16:18
111
Фото: istockphoto.com

Ормуз бұғазы арқылы, Оман жағалауы бойымен өтетін кеме қозғалысы Иран тарапынан бақылаудың күшеюі аясында ең төменгі деңгейге дейін азайды. Бұл туралы Bloomberg жазды.

Агенттік мәліметінше, жұма мен сенбі аралығында Парсы шығанағынан Оман жағалауы бойымен шығуға тырысқан кемінде сегіз кеме Ормуз бұғазы маңында кері бұрылған. Кейін олардың төртеуі бағытын өзгертіп, Иранның кеме қатынасы дәлізіне қарай бет алған және содан кейін бұғаздан шыққан.

Bloomberg бір мұнай танкері бұған дейін Мусандам түбегі маңында бағытын өзгерткеннен кейін бұғаздан қайта өтуге әрекет жасағанын хабарлады. Тағы бір кеме Оман шығанағы акваториясында тұр. Сонымен қатар көптеген кемелер Ормуз бұғазынан түнгі уақытта өтуді жөн көріп отыр.

Агенттік жазуынша, кемелердің жаппай бағыт өзгертуіне қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ. Дегенмен Иран бұған дейін бірнеше рет кемелер бұғаз арқылы тек Тегеранмен келісілген бағыттар бойынша өтуі керек екенін мәлімдеген.

Kpler аналитикалық компаниясының дерегіне сәйкес, сенбі күні Ормуз бұғазы арқылы 19 кеме өткен. Ал бір күн бұрын бұл көрсеткіш 13 кеме болған.

Bloomberg АҚШ, Израиль және Иран арасындағы қарулы қақтығыс кезінде бірқатар кеменің ирандық күштерден радиобайланыс арқылы ескерту алғанын да еске салды. Онда экипаждарға Тегеранның рұқсатынсыз қозғалысты жалғастырмау керегі айтылған. Агенттік мәліметінше, кейбір жағдайда қозғалысын жалғастырған кемелерге оқ атылған.

Bloomberg бағалауынша, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қауіпсіздігіне қатысты белгісіздік әлі де сақталып отыр. Бұл мұнай тасымалдаушы компаниялардың жұмысына қиындық туғызып, әлемдік мұнай нарығының қалпына келуіне әсер етіп жатыр.

Наверх