Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін транзиттен алғашқы түсім түсе бастағанын мәлімдеді. Бұл қаражат елдің Орталық банкі есепшотына аударылған. Бұл туралы Иран парламенті төрағасының орынбасары Хамид Реза Хаджибабаи айтты.
Tasnim жартылай ресми агенттігінің дерегінше, Хаджибабаи АҚШ тарапынан қысым мен қоқан-лоқы жалғасатын болса, бұғаздың ашылмайтынын айтты.
Оның сөзінше, Иран ұстанымы келіссөз жүргізу емес, өз құқығын талап етуге негізделген. Сондай-ақ Тегеран Ормуз бұғазы үстінен толық бақылау орнатуға ұмтылып отыр.
Иран халқының талабы – бұғаз Иранға тиесілі болуы тиіс, ал одан өтетін барлық кемелер ұлттық валюта – риалмен салық төлеуі керек, – деді ол.
Хаджибабаи бұл бұғаздың стратегиялық маңызы зор екенін еске салды. Оның айтуынша, әлемдік мұнай саудасының шамамен 20 пайызы және табиғи газдың 35 пайызы осы бағыт арқылы тасымалданады.
Ормуз бұғазын бақылау – Иранның халықаралық экономикадағы рөлін айқындайды. Біз бұл бұғазды бақылауда ұстап отырмыз, транзиттік төлемдерден түскен алғашқы қаражат Орталық банктің есепшотына түсті, – деді ол.
Алайда шенеунік нақты қай кемелерден және қай мерзімде төлем алынғанын нақтылаған жоқ.
Бұған дейін, 28 ақпанда АҚШ пен Израильдің Иранға жасаған соққыларынан кейін басталған қақтығыс аясында Тегеран Ормуз бұғазын жапқан болатын.
Сондай-ақ Иран парламенті бұғаз арқылы өтетін кемелерден ақы алу туралы заң жобасын әзірлеп жатқаны хабарланған. Парламенттің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі комиссиясының төрағасы Ибрахим Азизидің айтуынша, құжатта төлемді иран риалымен белгілеу ұсынылған.