Орман өрті: Павлодар облысында тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр

17 Шілде 2023, 18:10
582
Бөлісу:
Орман өрті: Павлодар облысында тілсіз жаумен күрес жалғасып жатыр
Фото: BAQ.KZ ТЖМ

«Ертіс орманы» мемлекеттік орман резерватында тілсіз жаумен күрес жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті мамандарының хабарлауынша, тілсіз жау Степной және Бауыртау орман шаруашылықтарының аумағына тараған, құрғақ шөп жанған. Алдын ала болжам бойынша қызыл жалын 850 гектарға жуық жерді шарпыған.

Облыстық ТЖД мемлекеттік өрт бақылау басқармасы бастығының орынбасары Берік Омаровтың айтуынша, қазіргі уақытта резерватта ашық оттың таралуы жоқ.

Өрт кеше түстен кейін оқшауланды. Ашық жанып жатқан ошақ жоқ. Өртпен күреске Шығыс Қазақстан, Қарағанды облыстары, Астана қаласы және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері атсалысып жатыр. Өртті сөндіруге 360-тан астам адам, 100-ден астам техника жұмылдырылды. Түтіндеп жатқан аумақтарға су шашу жұмыстары қолға алынды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің нақты себебі мен шығын көлемі анықталған жоқ. Бұған дейін жақын маңдағы Сүгір елді мекеніне қауіп төнген, - дейді Берік Омаров.

Айта кетейік, орман резерватындағы өрт екі күн бұрын тіркелді. Мамандардың мәліметінше, соңғы екі аптада облыс көлемінде 35-тен астам дала және орман өрті тіркелген. Ал үш күн бұрын Баянауыл ауданында, нақтырақ айтқанда, Қызылтау ауылынан 20 шақырымдық жерде құрғақ көп жанды. Өртенген аумақ 800 гектарға тараған. Бүгінде өрт оқшауланды, бірақ, ауыздықталған жоқ.

Өзгелердің жаңалығы