Бүгін Сенат отырысында «Органикалық өнім өндірісі және айналымы туралы» Заңы мақұлданды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Заң органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласындағы заңнаманы жетілдіру мақсатында әзірленген. Сондай-ақ, органикалық өнімнің ішкі нарығын қалыптастыруға және дамытуға, отандық тамақ өнімдерін өндірушілерді органикалық өнім өндіруге ынталандыруға және олардың сыртқы нарықтардағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Органикалық өнім өндіру экономикасы қуатты елдерде қарқынды дамып келеді. Әлемде органикалық азық-түлік нарығы соңғы 20 жылда 10 есе өсіп, 135 млрд еуроны құрап отыр. Дүние жүзінде шамамен 700 миллион адам органикалық тағамды тұтынады. Бүгінгі таңда 188 ел осы өндіріспен айналысып, 75 мемлекетте органикалық ауылшаруашылық заңнамасы қабылданған. Бұл таза өнімге деген әлемдік сұраныстың күннен күнге өсіп келе жатқанын дәлелдейді. Көп елдерде климаттың жағдайы, жер ресурстарының тапшылығы, экологиялық және экономикалық тұрақсыздық ауылшаруашылығын дамытуға мүмкіндік бере бермейді,-деді сенатор Әли Бектаев.
Заңда органикалық өнім өндірісіне көшудің негізгі шарттары көзделген, оны өндіруге және таңбалауға, органикалық өнім айналымына тікелей талаптар белгіленген, сондай-ақ органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі енгізілген.
Қазақстанның климаты, жер асты және жер үсті суларының тазалығы, ауылшаруашылығы жерлерінің экологиялық тұрғыдан бұзылмауы органикалық өнім өндіруге зор мүмкіндіктер береді. Еліміздегі босалқы жерлерінің ішінде 2 млн гектарға жуық жер егіс егуге жарамды, тыңайған жерлер деп танылған. Қазіргі кезде әлемді жай ғана өніммен, тіпті қайта өңделген өніммен таңқалдыру мүмкін емес. Тек терең өңделген және органикалық өнімдер ғана Қазақстанның экспорттық потенциалын арттырып, отандық брендті қалыптастыра алады,-деді сенатор Әли Бектаев.
Заңда органикалық өнім өндірісіне көшудің негізгі шарттары көзделген, оны өндіруге және таңбалауға, органикалық өнім айналымына тікелей талаптар белгіленген, сондай-ақ органикалық өнімді есепке алу және қадағалау жүйесі енгізілген. Сонымен қатар, заңнамалық түзетулер органикалық өндіріс үшін пайдаланылатын органикалық өнімдерді, ауылшаруашылық өсімдіктерінің тұқымдарын және ауылшаруашылық жануарларын өндірушілердің тізілімдерін жасауды және жүргізуді көздейді. Органикалық өнім өндіру процесін сертификаттау көзделеді. Бұл тәсіл өндірістік процестерді нақтылайды және халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді.
Бұдан басқа, сәйкестік сертификатының қолданылуын тоқтата тұрудың және тоқтатудың (тоқтатудың) негізі айқындалды. Бірлескен қызмет туралы шарт негізінде (жай серіктестік) органикалық өнім өндірушілердің топтық сертификаттаудан өту мүмкіндігі бар. Бұл органикалық өндірушілердің ынтымақтастығы мен интеграциясына ықпал етеді және белгілі бір өндіруші үшін сертификаттауға кететін шығындарды азайтады.
Органикалық өнімді қолдан жасаумен күресу үшін органикалық өнімді таңбалау қарастырылған. Мұндай таңбалау сәйкестік сертификаты болған жағдайда ғана жүзеге асырылады, ал оның жарнамасында тек «органикалық» деген сөз бен оның туындылары қолданылуы мүмкін.
Агроөнеркәсіптік кешендегі сұранысқа ие бағыт ретінде органикалық ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Заң органикалық өнім өндірісі мен айналымы саласындағы ғылыми қамтамасыз етуді регламенттейтін баппен толықтырылды.
Жалпы, Заң елдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сапалы және экологиялық таза өнімді тұтынуға оң әсер етеді.