Қордай көшелерін жөндеуге бағытталған 96 жоба іске асады – басқарма басшысы

14 Сәуір 2020, 09:35
1613
Бөлісу:
Қордай көшелерін жөндеуге бағытталған 96 жоба іске асады – басқарма басшысы

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. Жамбыл облысындағы автомобиль жолдары мен елдімекен көшелерінің желісі 9 989 шақырымды құрайды екен. Оның ішінде 1 152 шақырымы республикалық маңызға ие болса, 1 987 шақырымы – облыстық, 1 188 шақырымы – аудандық деңгейдегі жолдар. Ал елдімекендерге тиесілі 5 662 шақырым көше бар.

Бұл сандарды жергілікті әкімдіктің жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков айтты. Ол былтыр өңірдегі жалпы жол саласына 14,8 млрд теңге бөлініп, 606 шақырым автожолдар мен көшелер орташа, күрделі жөңдеуден өтіп, жаңа асфальт төселгенін жеткізді.

Тараз қаласындағы 138 көше мен бұрылыстарға 78 шақырым жаңа асфальт төселгенін айта кетуге тиіспін. Сондай-ақ, Қордай ауданында бір көпірдің құрылысын жүргіздік. Жергілікті маңызы бар автожолдарды жөндеу бойынша 45 жоба – "Нұрлы жол", ауылдық елді мекен көшелерін жөндеу бойынша 55 жоба «Ауыл – ел бесігі» бағдарламалары аясында іске асырылды.      Оның ішінде, 3 нысанға жаңа құрылыс жүргізілсе, 2 нысан қайта жаңғыртудан өтті. Ал 1 нысанға күрделі жөндеу жасалып, қалғандары орташа жөндеулермен қамтылды, - деді Бақытжан Оразалыұлы.

Оның сөзіне қарағанда, былтыр 3 ірі жергілікті жоба бастау алған. Оның алғашқысы – ұзындығы 16,1 шақырымды құрайтын «Қырғыз шекарасына Тараз қаласын оңтүстіктен айналма» автожолының құрылысы. Келесі жылы бітеді екен. Екіншісі, биыл пайдалануға берілетін облыстық маңызы бар "Тараз-Сарыкемер-Түймекент-Ақшолақ" автожолының 3,4-14,4 шақырымдарын қайта жаңғырту. Ал соңғысы, облыстық маңызы бар "Тараз-Жетібай-Тегістік-Ойық" автожолының 1,7-7 шақырымдарын қайта жаңғырту. Бұл да ағымдағы жылы аяқталады.

Осы жұмыстардың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдар үлесі 85 %-ға жетеді деп күтілуде. Сонымен қатар 2020 жылы жол саласына 11,8 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде, 4,6 млрд теңге республикалық қазынадан қаралса, 7,2 млрд теңге жергілікті бюджеттен шешілді. Осы қаражатқа жергілікті маңызы бар 18 шақырым жаңа жол құрылысы, 6,1 шақырым қайта жаңғырту және 410,78 шақырым орта жөндеулер жүргізілетін болады, - деген басқарма басшысы мұның ішінде 180,57 шақырымының облыстық маңызы бар автожолдар екенін айтты. 124,37 шақырымының аудандық маңызы болса, 129,94 шақырымы елді мекен көшелеріне жатады екен.

Жауапты маманның мәліметінше, биыл жыл соңына дейін жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті автожолдардың үлесін 85 %-дан 90%-ға жеткізу жоспарланып отыр. Осы орайда, облыс әкімі мен аудан әкімдері, басқарма басшылары мен аудан әкімдері арасында межелері белгіленген тиісті келісімдер жасалған, тоқсан сайын есептік жұмыстар жүргізіліп тұрады.

Жол жөндеу жұмыстарының сапасы жаңа ірге қалаған "Жол активтерінің сапа орталығы" ШЖҚ РМК-мен тұрақты тексеріліп отырады. Бұл мақсатқа бюджеттен 66,6 млн теңге бөлінген. Мәселен, былтыр аталған кәсіпорын 125 нысанға зерделеу жүргізіп, 283 сынама алды. Нәтижесінде, 68 ескерту беріліп, кемшілік анықталды. Олар жобаларды іске асыру барысында жойылды, - деп атап өтті Бақытжан Оразалыұлы.

Жұмыс тиімділігін арттыру үшін басқарма мен тиісті министрліктің аумақтық бөлімдерінің арасында қажетті бірлескен іс-шаралар жоспары да бекітілген екен. Оның ішінде "Казавтожол" ҰК АҚ Жамбыл облыстық филиалымен жол қозғалысы қауіпсіздігі және өзара әрекеттесу іс-шаралары жоспарын, өңірдегі көліктік бақылау инспекциясымен өзара байланыс орнату және нәтижеге қол жеткізу келісімін, автожолдармен бақылаусыз жүретін ауыр салмақты жүк көліктеріне шектеу қою мақсатында мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимыл алгоритмін айтуға болады.

Бақытжан Жәнібеков мысал ретінде саладағы өзекті мәселелердің бірі – ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз жүруінен жергілікті маңызы бар автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылуы екендігін айтты. Осы тұрғыда, жыл басынан бері инспекциямен бірлескен рейдтер барысында 1 568 автокөлік құралы тексерілген. Оның 336-сына әкімшілік хаттама толтырылып, 8,6 млн теңге айыппұл салыныпты. Бүгінде жергілікті бюджетке бұл сома толықтай өндірілген.

Автожолдардың бұзылуын болдырмау мақсатында табиғи ресурстар басқармасымен бірлесіп, жүкті автожолдар арқылы тасымалдайтын 50 кен орны иелерімен жер қойнауын пайдалану туралы жасалған келісім-шарттарға рұқсат етілген жүктемеден асатын жүк тиеуге тыйым салу бойынша қосымша келісімдер жасалды. Оның ішінде, рұқсат етілген салмақтан асыра жүк тиеген бұзушылықтар жылына 2 рет қайталанған жағдайда жер қойнауын пайдалану келісім-шартын біржақты бұзу шарасы да қарастырылған. Бұдан бөлек, облыс әкімдігі тарапынан Үкіметке HOWO, SHACMAN сияқты Қытай өндірісінің өзі аударғыш жүк көліктері карьерлерде жүк тиеу мен тасымалдауға арналған көліктер екендігі алға тартылып, бұл жүк көліктерінің жалпы пайдаланымдағы автожолдарда жүруіне заң жүзінде тыйым салу талаптарының қабылдануына ықпал жасау үшін хат жолданды, - деді басқарма басшысы.

Ол соңғы жылдары ішкі өңірлік жолдарды жөндеуге үлкен назар аударылып жатқанын да еске салды. Сонымен қатар инженерлік-көлік инфрақұрылымы, оның ішінде қалалық автомобиль жолдары, ауылішілік жолдар, кірме жолдар, тротуарларды орташа және ағымдағы жөндеу бойынша жалпы 13,2 млрд теңгеге 768 жобаны іске асырып, бұған 4 172 жұмысшы тарту жоспарланып отырғанын жеткізді.

Бақытжан Жәнібековпен сұхбат барысында Тараз қаласы көшелерін орташа жөндеуге бағытталған 100 жоба бар екенін аңғардық. Оның 4-уі тротуар болса, барлық жолдың ұзындығы 88 шақырымлы, құны 3,2 млрд теңгені құрайды екен. Сонымен бірге Қордай ауданында орын алған жағдайға байланысты тұрғындар тарапынан көтерілген әлеуметтік мәселелерді шешу мақсатында автожолдарды жөндеу қажеттігіне талдау жасалған. Нәтижесінде Масаншы, Сортөбе, Ауқатты, Қаракемер, Бұлар батыр, Қарасу ауылдарындағы қанағаттанарлықсыз жағдайдағы көшелерді орташа жөндеуден өткізуге арналған 96 жобаның тізімі жасақталған. Оларды биыл іске асыру үшін республикалық бюджетте шұғыл шығындарға көзделген резервтен 1,9 млрд теңге бөлуге өтінім беріліп, қолдау тауып отыр.   

Аталған жол жөндеу жобаларының іске асырылуы өз кезегінде облыс тұрғындарының қауіпсіз көліктік қатынасуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, халық тұрмысының жақсаруы мен жалпы өңірдің дамуына үлесін тигізіп, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыратыны сөзсіз, - деді Бақытжан Оразалыұлы.

Өзгелердің жаңалығы