Оразбек Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

1 Шілде 2022, 17:20
1262
Бөлісу:
Оразбек  Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің орынбасары Асхат Оразбек Қарағанды облысының халқымен кездесу барысында қолжетімді интернет, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, ғарыштық мониторинг және инновацияларды енгізу жайлы айтты.

Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ең алдымен вице-министр цифрлық шешімдер енгізу арқылы халықтың жағдайын жақсарту мәселесіне тоқталды. Оның айтуынша, министрлік жүзеге асырып жатқан жобалар адамдардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Оразбек  Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

Бұл орайда көптеген мемлекеттік қызметтерге еGov порталы мен мGov мобильді қосымшасы арқылы қол жеткізуге болады. Сондай-ақ кең қолданыстағы 18 құжаттың - жеке куәлік, вакциналау паспорты, туу туралы куәлік және тағы басқа құжаттың цифрлық нұсқасын пайдалануға болады. Оның үстіне, азаматтарға қолайлы жағдай жасау мақсатында, мемлекеттік қызметтерді екінші деңгейлі банктердің қосымшасы арқылы алу мүмкіндігі қарастырылған.

Асхат Оразбек бірқатар мемлекеттік қызметтерді ХҚКО-ға бармай-ақ, проактивті түрде алуға болатынын атап өтті. 

Бүгінгі таңда әлеуметтік маңызы бар 23 қызмет проактивті нұсқада ұсынылады. Мысалы, бала туғанда, ата-анасына СМС-хабарлама жолданып, тиісті ақпарат сұратылады да, туу туралы куәлік автоматты түрде ресімделеді, -  деді вице-министр.

Сонымен қатар қаржыны үнемдеуге және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға мүмкіндік беретін биометрия технологиясы мен QR-код арқылы төлем жасау, жер қатынастарын цифрландыру, цифрлық ипотека, «видео-ХҚКО» және басқа да қызметтер іске қосылды.

Асхат Оразбектің айтуынша, министрліктің мақсаты – мемлекеттік қызмет көрсету процесіндегі адами факторды алып тастау. Бұл ретте жеке куәлікті миграция қызметіне жүгінбей-ақ, 5-10 минутта алу және қайта жасату үшін «құжаттандыру терминалын» енгізу жоспарланған.

Кездесуде байланыс және интернет мәселесі де қозғалды.  ЦДИАӨМ хабарлауынша, қазір Қарағанды облысы халқының 99 пайызы интернетпен қамтылған. Қалған 1 пайызына интернет кең жолақты және геостационарлық спутник жүйелері арқылы 2024 жылға дейін жеткізіледі. Сәтбаев қаласында интернет 2023 жылдың соңына дейін өткізіледі. 

Оразбек  Қарағанды облысының тұрғындарымен кездесті

Сондай-ақ вице-министр жайылымдықтар мен ормандарды зерттеу, заңсыз басып алынған немесе мақсатсыз пайдаланылып жатқан жерлер, заңсыз ағаш кесу жайттарын анықтау үшін облыс территориясына ғарыштық мониторинг жасалатынын айтты. Мысалы, ағаш кесудің 44 полигоны, жер кадастры базасына енгізілмеген 11 мың жер телімі, мақсатсыз қолданылып жатқан 34 га жер аумағы анықталған. 

Оның үстіне ғарыштан мониторинг жасау арқылы өрт ошақтары мен маңайында орналасқан елді-мекендердің, сондай-ақ аса маңызды нысандардың, жолдардың және т.б. нақты географиялық координаттарын анықтауға болады. 2021 жылы 1, 098 га орманды дала өртенген, 2022 жылғы сәуір-мамыр айларында – 31,3 га, тасқын су қауіпі бар 154 учаскі, - деді Асхат Оразбек. 

Вице-министр ІТ-кадрларын дайындау бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатқанын да тілге тиек етті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін 100 мың ІТ-маман дайындау туралы тапсырма берген болатын.

Бұл ретте бағдарламалау мектептерінде оқу үшін 600 мың теңгеге гранттар ұсынылады. Биыл 3 мың грант беру жоспарланған. Асхат Оразбек жергілікті атқарушы органдар мен ІТ-қауымдастықтарды ІТ-нарығын дамытуға қолдау көрсетуге шақырды. 

Қарағандыда Elixir бағдарламалау тілін оқытатын «IT Analytics» ІТ-мектебі ашылды. Бұл – 2021 жылы аймақтарда ашылған жеті инновациялық мектептің бірі. Биыл тағы осындай 5 мектеп ашылуы тиіс. Сондай-ақ ІТ-компаниялар ІТ-факультеттерге жетекшілік ете бастады, қазірдің өзінде аймақтық ЖОО-лардың 14 ІТ-факультеті қамқорлыққа алынған, - деді цифрлық даму мекемесінің вице-министрі. 

Асхат Оразбек Теміртау қаласының халыққа қызмет көрсету орталығында азаматтарды қабылдады. Тұрғындар қаладан тыс аймақтарда жылжымайтын мүлік сатып алу, мемлекеттік қызметтерді қолжетімді және автоматты ету, eGov.kz электрондық үкімет порталындағы техникалық ақаулар және т.б. мәселелер туралы сұрады. Вице-министр халықтың сауалдарына жауап беріп, ал министрлік құзыретіне кірмейтін сұрақтар бойынша тиісті мекемелермен келіссөздер жүргізіп, мәселелерді шешуге ат салысатынын айтты. 

Сондай-ақ министрлік барлық  ұсыныстарды қабылдап, диалог жүргізуге әрқашан дайын екенін жеткізді. 

Өзгелердің жаңалығы