Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Ауызша ақындық поэзия мен жазба поэзияның көркемдік тұтастығында Оразалы озып тұрды. Бұл туралы Абай атындағы ҚазҰПУ-нің профессоры Темірхан Тебегенов О. Досбосынов атындағы жас айтыс ақындары орталығының ашылуы кезінде айтты.
Филология ғылымдарының докторы 1998 жылдары Оразалы оқыған тұста университетімізде Сержан Молдасанұлы, Бақыт Беделханұлы, Саят Қамшыгер сынды студенттердің шығармашылық кеші жиі өтіп тұратынын айтады.«Оразалының шығармашылық кешінде Жүрсін Ерман келіп, оған ақжарма тілектерін айтып, үлкен қолдау көрсетіп, қанаттандырып еді. Ол күндер әлі есімде. Бір күні тап осы аудиторияда емтиханды маған алуға тура келді, сонда Оразалы сұрақтарға домбырамен жырлап тұрып жауап беріп еді. Арада 4-5 жыл өтісімен ол қалың көрерменнің жүрегінен үлкен орын ала білген ақынға айналды», - дейді Тебегенов.
Сонымен қатар ол, Оразалы кешегі Сүйінбай, Жамбыл, Құрманбеттің дәстүрімен кереметтей теңеулерімен жұрттың айызын қандыра білгенін айтты.
«Ауызша ақындық поэзия мен жазба поэзияның көркемдік тұтастығында Оразалы озып тұрды. Тап осы құбылыс жалғаса берсе деп тілеймін. Оразалы қазақтың қалыптасқан айтыс өнеріне жаңаша серпін әкелді. Оның айтыстарында қазақ тарихының арғы сақ, ғұн дәуірінен басталған үлкен ата-бабалық жолы, дәстүрі ұлықтала жырланды. Сонымен қатар, ұлы дала еліндегі батырлар, би, шешендеріміз, хандардың жақсы істері кейінгі ұрпаққа үлгі болсын деп жырланып отырды. Оразалы жазбаша ақындық өнерде де өзінің талантын танытып, республикалық басылым беттерінде бірқатар өлеңі жарияланды», - дейді ол.
Университетте Оразалы ақынмен бір топта оқыған Шынар Бектұрғанова оның болмысы ерекше тұлға болғанын айтады.
«Оразалымен бір топта оқыдық, бірге жүрген замандастарымыз. Алайда ол туралы бүгін естелік айтып тұрамыз деп еш ойламадық. Оразалы болмысы ерекше тұлға болатын, оны барлығымыз сезетінбіз, білетінбіз. Ол білімі, адамгершілігі жағынан озық тұратын. Кезінде ол «осы ұстаздарымыз кейін менің тілімді зерттейді ғой» деп айтатын. Бүгін соның таңы атқан шығар деп ойлаймын», - дейді ол.