Оразалин желіде тараған ақпараттың жалған екенін айтты

26 Қаңтар 2021, 18:44
1326
Бөлісу:
Оразалин желіде тараған ақпараттың жалған екенін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин әлеуметтік желіде таратылып жатқан бейнежазбалар туралы түсінік берді. 

Әлеуметтік желіде таратылып жатқан бейнежазбаларда менің тарапымнан ереуілге шыққандардың тізімін сұратып, оларды жұмыстан шығарту туралы тапсырма берілген деген ақпарат жалған. Мүмкін осылай эмоциямен таратып жүрген ағайын мәселені ушықтырсам, талаптарымыз тезірек орындалып, діттеген мақсатымызға жылдам жетерміз деген ағат оймен жасаған болар. Егер қолдарында осындай тапсырма берілген деген қандай да бір дәлел болса, көрсетсін. Оны да заң аясында шешейік. Біз құқықтық, зайырлы мемлекеттің азаматтарымыз. Қандай да болмасын дау-дамай, келіспеушіліктер тек заң аясында ғана шешілуі тиіс. Негізі бұл мәселе маған таныс. Бауырларымыздың аз жалақымен күнелтіп жүргені менің де жаныма батады. Біздің өңірде жалақы мөлшері төмен екендігін бұрыннан да айтып жүрмін. Жерлестеріміздің жасаған жұмыстарына лайықты жалақы алуын қалаймын әрі қолдаймын, – деп жазды Оразалин әлеуметтік желідегі парақшасында.
Сондай-ақ, облыс әкімі тиісті шараларды қабылдауды заң тетіктері арқылы жүзеге асыру жолдарын қарастырып жатқанын айтты.
Өткен жылы Мемлекет басшысының ықпалымен өңірдегі шетелдік инвесторлардың әрқайсысының жағдайына қарай жұмысшыларына жалақы мөлшерін он пайыздан отыз пайызға дейін көтерілуіне қол жеткіздік. Бұл жұмыс кезең-кезеңімен жалғасын табады. Онымен қоса, осы өңірдің тумасы ретінде сол ағайындардың арасында менің де жақын таныстарым болуы ықтимал екендігін жоққа шығармаймын. Қызмет ешкімнің әкесінен қалған мұра емес. Күндердің күнінде қызмет те, басқасы да қалар. Артық сөздің қажеті жоқ. Сол уақытта ағайын-тума арасында әркімнің бетіне жасқанбай, тура қарайтын жағдайда жүруіміз керек. Сондықтан, ағайындар, қандай мәселе болмасын ашуға салмай, ақылға салып шешейік деп жүретінімді білесіңдер. Түбінде сырттан келіп ешкім де біздің шаруамызды шешіп бермейді, – деді облыс әкімі.
Әкім бұл мәселеде екі жаққа ыңғайлы бір шешімін табуға болатынын жеткізді.

Айта кетейік, 25 қаңтарда Ақтөбе облысы Темір ауданындағы «КМК Мұнай" компаниясына тиесілі кеніштің 200-ге жуық жұмысшысы ереуілге шыққан болатын. Мұнайшылар жалақыны 100 пайызға көбейтуді сұрауда.


Өзгелердің жаңалығы