Оралхан Бөкей атындағы республикалық әдеби байқау жарияланды

14 Маусым 2022, 16:38
3216
Бөлісу:
Оралхан Бөкей атындағы республикалық әдеби байқау жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  «Ауыл хикаялары» байқауын «Өскемен қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі» ММ мен Өскемен қаласы әкімдігінің «Оралхан Бөкей атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ өткізеді.

Байқаудың мақсаты - болашақта Оралхан Бөкейше жазатын дарындарды анықтау және ынталандыру, ауылды және ел құндылықтарын дәріптеу, бұқараның ана тілінде сөйлеу, жазу көркемдігі мен сауаттылығы төмендеп  бара  жатқан  қазіргі  кезеңде жастарды қазақ тілін түлетуге және сөйлеу мәдениетін сақтауға шақыру, жас буынның қоғамдағы өзекті әлеуметтік мәселелерді түйсініп, өз ой-пікірлерін  пайымды жеткізе  алуларына  көркем  шығарма  арқылы  ықпал ету.

 Байқау жұмыстарын қабылдау - 2022 жылдың 20 қыркүйегіне дейін өтеді. Кәсіби  мамандардан құрылған  қазылар алқасы  көркем  шығармаларды  жан-жақты бағалайды.  Қазылар алқасының дауыс беруі бойынша жеті жеңімпаз марапатталады.

Жеңімпаздарға қаржылай марапатпен бірге Оралхан Бөкейдің бейнесі бедерленген естелік-сыйлық табыс етіледі. 

Байқау қорытындысы әлеуметтік желілерде және БАҚ-тарда жарияланады.

Байқауға республикамыздың  барлық  аймағынан  25 - 40 жас аралығындағы талапкерлер қатыса алады.

 Байқау шығармаларына қойылатын талаптар:

1. Шығарма жанры – проза (эссе, әңгіме, монолог);

2. Байқау тақырыбы – «АУЫЛ ХИКАЯЛАРЫ» (Оралхан Бөкей шығармасының атауымен аталды);

3. Мемлекеттік тілде жазылуы;

4. Ұсынылған шығарманың қаріп өлшемі – 14, Times New Roman; 1,5 арақашықтығында болуы;

5. 10-15 беттен аспауы;

6. Бұрын ешқайда жарияланбаған болуы;

7. Сауатты,  көркем тілде жазылуы және тәрбиелік маңызы болуы керек;

8. Қазақстан Республикасы Заңына қайшы келетін, яғни ұлтараздықты, дінаралық алауыздықты тудыратын, зорлық-зомбылықты насихаттайтын, адамның ар-ожданына тиетін және т.б. теріс пиғылдағы  шығармалар  байқауға қабылданбайды.

9. Байқауға қатысушылар шығармаларын  2022-жылдың 20-қыркүйегіне  дейін  ukcbs@mail.ru  электрондық  пошта  мекенжайына  жіберулері, немесе баспа түрінде кітапханаға әкеліп тапсырулары керек.

 

Өзгелердің жаңалығы