Оралдықтарды қарғын су әбігерге салып жатыр

12 Наурыз 2023, 16:38
2270
Бөлісу:
Оралдықтарды қарғын су әбігерге салып жатыр
Фото: скрин

Орал қаласында Зачаганск, Деркөл аудандарындағы жеке тұрғын үйлерді, жатақхана, мектеп секілді оншақты әлеуметтік нысанның жертөлесін су басты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Кәріз жүйесі қарғын суға төтеп бере алмай, қалада ауыз су тоқтатылды. Өзендердегі су деңгейі көтерілуде. Ресми деректерге сүйенсек, облыс орталығының аумағында 20 мыңдай адам су басу қаупі төніп тұр.

10 маусым күні ауа температурасы күрт жылынып, өңірде қарғын су тұрғындарды әбігерге салды.

Жәңгір хан көшесі, 65/2 мекенжайындағы медициналық колледж жатақханасының жертөлесін су басқан.

10 наурыз күні күндізгі сағат 11-лерде су баса бастады. Төтенше жағдайлар департаментіне хабарласып, көмек сұрадық. Олар фото, видео виксация жасап кетті. «Әкімдікке барамын, штаб құрылады. Сосын көмектесетін болады» деп айтып кетті. Әкімдік су соратын помпа берді. Балаларды көшірдік. Туысқандары бар балалар туыстарын паналап кетті. Қалғандарын пәтер жалдап орналастырдық, - дейді аталған мекеме директорының орынбасары Камила Маратқызы.

Тіпті жатақханаға көршілес Жәңгір хан, 65 мекенжайында тұратын бір зейнеткер әжей студенттерді сыйғанша үйіне орналастырған. Жалпы жатақханада 100-ден астам студент тұрады. Барлығы эвакуацияланған. 

Жертөледегі 120 орындық асхана, тамақ пісіретін, ыдыс жуатын бөлмелер, әкімшілік кабинет суға кетіп, кір мәшинесі, тоңазытқыш, электр пештері, басқа да тұрмыстық техника жарамсыз болған.

11 наурыздан бері Орал қаласындағы 320 мыңнан астам тұрғын ауыз сусыз қалды. Бұл шектеуді «Батыс су арнасы» ЖШС кәріз жүйесі суға толуына байланысты деп түсіндіріп, суды кестемен бере бастады. 

Қазір Орал қаласымен қоса облыстағы 6 ауданда жағдай күрделі. Өзендердегі су деңгейі бір тәулікте 158 смге көтерілген. БҚО әкімдігі берген бүгінгі ақпаратқа сүйенсек, Деркөл өзеніндегі су деңгейі 520 см, Шежін-2 өзеніндегі су деңгейі 761 см. 

Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиевтің айтуынша, Орал қаласында су басу қаупі төнген 86 учаске болса, соның 75-і халық тұрақты мекен еткен бау-бақша серіктестігіне жататын жерлер. Бұл аумақтарда 20 839 адам тұрады.

Қала бойынша 27 эвакуациялық пунт дайындалған. Төтенше жағдайлар департаментінде шұғыл желі іске қосылды. 

Өзгелердің жаңалығы