Оралда батыс өңірлердің инфрақұрылымдық жобалары талқыланды – ИИДМ

8 Сәуір 2022, 09:16
1465
Бөлісу:
Оралда батыс өңірлердің инфрақұрылымдық жобалары талқыланды – ИИДМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев Орал қаласында ұйымдастырылған өңірлік кеңеске қатысты. 

Бұл туралы ИИДМ баспасөз қызметі хабарлады.

Жиында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің батыс өңірде республикалық және жергілікті жолдарды салу, теміржол және азаматтық авиация саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды.

Берік Камалиев Еуразияның негізгі көлік дәліздері өтетін батыс өңірлердің маңызын атап өтіп, шешімін табуы тиіс бірқатар мәселені қозғады. 

Соның бірі - автомобиль жолдарының сапасы. Өңірдегі республикалық автожолдардың жағдайы елдегі көрсеткіштен төмен. Атап айтқанда Қазақстан бойынша ол - 90%, аймақта 84% құрайды. Жергілікті жолдардың жағдайы да мәз емес. Тиісті көрсеткіш небәрі 58% шамасында. 

Бүгінгі таңда батыс өңірде бірқатар жол салынып, жаңғыртылуда. Соның бірі ұзындығы 715 шақырымдық «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» көлік дәлізі. Жақында «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» автожолын жаңарту басталады. Сондай-ақ, Орал қаласын айналып өтетін «Орал-Атырау» және «Ақтөбе-Ұлғайсын» жолдары бойынша жобалау-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. 

2019 жылы күрделі жөндеу басталған «Казталовка-Жәнібек-РФ шекарасы» және «Өнеге-Бисен-Сайхин» автожолының 130 шақырымында биыл қозғалыс ашылып, 2023 жылы толықтай аяқтау жоспарланып отыр. 

Республика бойынша жергілікті жолдардың жалпы ұзындығы 70 мың шақырым болса, соның 11 мың шақырымы - батыс өңірде. Бүгінгі таңда олардың көрсеткіші ең төмен болып отыр, оның ішінде Батыс Қазақстан облысында небәрі 39%-ды құрайды. Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған Кешенді даму жоспарына сәйкес өңірдегі жолдардың нормативтік жағдайын 95%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 

Өңірлерде әлеуметтік маңызды автобус бағдарларын субсидиялау бойынша Автомобиль көлігінде қалалық жолаушылар тасымалын дамыту жөніндегі шаралар кешені бекітілді. Берік Камалиев осы орайда іс-шаралардың уақытылы және сапалы орындаудағы өңірлер басшылығының жауапкершілігін еске салды. 

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес жеке инвестиция, атап айтқанда, "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" консорциумын тарта отырып, Орал қаласы әуежайының аэровокзал кешенін реконструкциялау аяқталды. Жақында әуежайға Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметованың есімі берілді. 

Жиын соңында  вице-министр Берік Камалиев инфрақұрылым сапасын арттыру және халыққа қолайлы жағдай жасау бойынша Мемлекет басшысы алға қойған барлық міндеттер уақытылы және сапалы орындалуы қажеттігін атап көрсетті.

Өзгелердің жаңалығы